Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жер сілкінісіне байланысты Алматыдан басқа қалаларға қоныс аударғысы келетіндер көбейген

Жер сілкінісіне байланысты Алматыдан басқа қалаларға қоныс аударғысы келетіндер бар.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: pixabay.com

Ақтолқын Шакретова үш жылдан бері тұрғын үй кешенінің 8-ші қабатында тұрады. Бірақ жер сілкінісі болғалы пәтері бос тұр. Өйткені, затын жинап, бала-шағасымен бірінші қабатта тұратын ата-анасының қасына кеткен.

"Өткен жер сілкінісінен кейін біз сегізінші қабаттан біріншіге дейін ата-анамыздың үйіне көшіп бардық. Жер сілкінісінен кейін қатты қорқыныш пайда болды. Пәтерімізді сату әлі ойда жоқ. Мүмкіншілік болса, басқа пәтер алып, төменгі қабатта тұру ойда бар”, – дейді Ақтолқын Шакретова. 

Жоғарғы қабатта тұратындар жер сілкінісінен кейін қатты қорқып қалған. Пәтері қанша жерден сейсмикалық төзімді болса да, сақтықта қорлық жоқ деп шешкен. Көбі төменгі қабаттағы пәтерді қалайды. Сәйкесінше, баға да өзгерді дейді риелторлар. Жоғарғы қабаттағы баспаналар шамамен 10 пайызға дейін арзандапты. Мәселен, бұған дейін комфорт санатындағы бір бөлмелі пәтерлер кемі 500 мың теңгеге жалға берілген болса, қазір 300 мың теңге шамасында.

"Біраз адам хабарласты. Басқа да сұраныстар болды, "үй тауып берші, жер үй, жалға алуға" деген. Сосын төменгі қабаттан үй іздеп жүргендер көп болды. Бірінші, екінші, үшінші қабаттарға дейін сұраныс көбейді. Жер үйге сұраныс көп. Жалға беріп жатқандар да бағасын көтеріп қойды”, – дейді риелтор Қуаныш Шәріпов.

Жер үйге де сұраныс бар. Бірақ көбіне ондай үйлер орталықтан алыс, қатынас та қиын. Сондықтан жер үй алушылар еселеп артты деуге болмайды. Жер сілкінісіне байланысты Алматыдан мүлдем қоныс аударғысы келетіндер де бар. Ондайлардың көбі Астана қаласына жалдамалы пәтерлерге көшкен. 

"Қаңтар айынан бері Астанадағы жалға берілетін пәтерлерді көбіне алматылық тұрғындар сұрайды. Біразы көшіп келді. Осы екі күннің ішінде "мегаполистен қоныс аудармақшымыз, тез арада пәтер керек" деген біршама адам хабарласты. Құны жағынан да сәл қымбаттады”, – дейді риелтор Назгүл Мәлікжан. 

Ал сатылатын үйлердің бағасы тұрақты дейді мамандар. Жалпы жер сілкінісінен кейін қысқа мерзімге жалға берілетін үй мен саяжайларға сұраныс артқан. Әйтсе де мұның қаншалықты ұзаққа созылатынын ешкім білмейді. Мамандар бағаның құбылмалуы болуын уақытша деп топшылады.


2024 жылғы ораза кестесі: Алматы

Талқылау