"Жер сілкінісі кезінде қауіпті": Алматыда көпқабатты тұрғын үй шатырына салынған екі қабатты баспана жұрттың қорқынышын туғызды
Фото: Видеодан скрин
Желіде Алматыда "Европолис" тұрғын үй кешенінің шатырына салынған екі қабатты үй көпшіліктің сынына ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғын үйдің видеосы Egov.press Telegram-арнасында жарияланды. Кадрлардан ғимараттың шатырына салынған екі қабатты үйді анық көруге болады.
“Алматылық Карлсон "Европолис" тұрғын үй кешенінің дәл төбесіне тағы да жаңа екі қабатты үй салып алды. Үйдің төбесіне автокөлік қоятын тұрақ та салып алған шығар”, – деп жазылған видео астына.
Желі қолданушылары шатырда орналасқан үйдің тұрғын үйге артық ауыртпалық салатынын, жер сілкінісі кезінде қауіп төндіретінін айтып жатыр.
“Бұл жерде 10 жыл тұрдым. Қалталы байларға кез келген нәрсені жасауға рұқсат береді. Бірақ ғимарат фанер және гипстен тұрғызылған. Жалпы шатырдағы қоқыс инфрақұрылымға өте жақсы сәйкес келеді”, “Қорқынышты екен. Бұл қолданыстағы құрылымдарға артық жүктеме. Қиындық туғызады. Жер сілкінісі кезінде қауіпті. Оны салуға кім, қалай рұқсат берген? Мүмкін жаңа әкім бұл мәселені шешетін шығар”, “Төменде тұратын тұрғындар үшін қауіпті. Ғимаратқа артық жүк салады. Шатырға үй салу орынсыз”, – деп жазды желі қолданушылары.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласының әкімдігінен мән-жайды сұрап білді.
Әкімдік мәліметінше, Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасы Алмалы ауданының №2 аудандық сотына құқық белгілейтін құжатты жою және нысанды бұзу туралы талап-арыз түсірген. Сот ісі жалғасып жатыр екен.
Айта кетейік, бұған дейін де Желіде Алматыдағы көпқабатты үйдің шатырында орналасқан жер үй жұртшылықтың назарын аударған еді. Жұртшылық бұл үйде кім тұратыны мен қаншалықты заңды салынғанына қызығушылық танытқан.
Фото: Видеодан скрин
Сол кезде Алматы әкімдігі нысанның құқықтық мәртебесін растау мақсатында жоспардан тыс тексеру жүргізу үшін материалдар жинақталып жатқанын айтқан еді. Тексеру аясында архивтік құжаттар қаралатынын жеткізген.
Кейіннен әкімдік бұл үйдің сүрілуі мүмкін екенін айтты. Қазір бұл үйге қатысты сот процесі жүріп жатыр екен.
"Қала құрылысын бақылау департаменті Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотына құқық белгілейтін құжаттаманың күшін жою және нысанды (мезонина) бұзу туралы талап арызбен жүгінді. Сот процесі жүріп жатыр", – делінген хабарламада.

"Аузымыз ашылып қалды": Қазақстандық компания өзінің 110 қызметкеріне Вьетнамға жолдама сыйлап, көпшілікті тәнті етті
