Жеңісхан: Қазақстандағы той әншілерінің түрі қартайғаны болмаса өнері сол 5 жыл бұрынғы
Қара пиарды жаны сүйетін Жеңісхан Төре қазір режиссер. Кезінде клипмейкер болып әнмен қоштасқан сері қазір тек кино түсіріп жүр. Сұхбат беруге аса зауқы бола бермейтін режиссер бүгін stan.kz тілшісімен сұхбаттасты.
– Жеңісхан, Қалайсыз?
– Рахмет, Жанар. Бәрі керемет. Кездескеніме қуаныштымын.
– Ендеше, алғашқы сұрақты шығармашылық жаңалықтардан бастайық. Қандай сүйінші жаңалықтарыңыз бар?
– Бизнес по-казакский деген фильмнің бірінші бөлімін халық көрді. Енді екінші бөлімін Лос-Анджелеске барып түсіріп келдік. Монтаж, дауыс, өңдеу, бояу секілді барлық жұмыстарын бітірдік. Алла қаласа 28-желтоқсан күні халыққа ұсынамыз.
– Кинорежиссердің табысы көп пе? Әлде клипмейкердің гонорары жоғары ма?
– Негізі, бейнебаянның режиссері ретінде қомақты қаржы табуға болады. Себебі, тезірек жұмыс жасап, көбірек ақша табу мүмкіндігі бар. Киноға келетін болсақ өсу процесі бар. Ол – жаңалықтар мен үлкен ізденістерден тұрады.
– Әншілік өнерден толықтай қол үздіңіз бе?
– Студияға барып, ән жазбағалы бес жылдай уақыт болды. Енді 3-4 бейнебаян шығарып, әндер жазып, жеке шығармашылығыма да көңіл бөлсем деген ниеттемін.
– Кезінде «дауысы жоқ мақтаншақ әнші» деп талай сынаған еді. Сондай теріс пікірлерден қорықпайсыз ба?
– Дауысым жоқ болса да менің орнымды басатын әнші әлі шықпады. Сондықтан, әр әншінің өз орны бар деп білемін. Мен сынға алады, ұнатпайды деп қорықпаймын. Керісінше, өз шығармашылығыма білек түріп кірісіп, тың туындылармен тыңдарманды қуантамын деп ойлаймын. Менің де өз тыңдарманым, көрерменім бар екеніне сенімдімін.
– Бейнебаянды кім түсіреді?
– Бейнебаянды әрине, өзім түсіремін. Осыншама уақыт жинаған тәжірбиемді өзіме пайдаланатын уақыт келді. Менде сенімді оператор да бар, көмекші ассисенттерім де бар.
– Бес жылдан кейін ән әлеміне қайта оралмақшысыз, қандай өзгерістер бар?
– Сол кезде мен бастаған бағыт қазір өрбіп жатыр. Сол кезде ол стилді түсінбейтін. Әлі де түсінбейді. Жаңадан шығып жатқан топтарды жын-шайтан санайды, тойдың әншілері керемет болып көрінеді.
– «Той – қазынаның көзі» деп сізде той-бизнеске жұмыс жасайсыз ба?
– Иә, той ақшаның көзі екені рас. Егер тойға арнап жазатын болсам, шығыс бағытын таңдайтын шығармын. Алайда, дәл қазір мына бағытты таңдаймын деп нақты айта алмаймын. Әртүрлі жанр мен стилді ұстанғым келеді.
– «Отызда орда бұзбаса, қырықта қамал алмайды» дейді қазекеңдер. Отыздан асып барасыз, әлі үйленбедіңіз-ау деймін. Әлі сізде жеке өмірін жасырын ұстайтын жұлдыздардың қатарынансыз ба?
– Мен әлі үйленген жоқпын. Алла бұйыртқан күні үйленемін. Міндетті түрде жариялайтын боламын. Асығыстық – шайтанның ісі ғой. Өмірлік жарымды асықпай таңдағым келеді. Ол бүгін алып, ертең кері өткізе салатын тауар емес қой. Осы жасқа дейін үйленбесем де талай жұмыстарды атқарып келемін. Әсіресе, шығармашылық жетістіктерімді ауыз толтырып мақтанып айта аламын. Бірақ, бұған дейін үйленбеуімнің басты себебі – сүйіктімді кездестірмедім.
– Сіздің ұғымыңыздағы махаббат деген не?
– Махаббатты әркім әрқалай түсінеді. Біреу үшін жан-дүниесі болса, басқалары үшін сыртқы келбеті болып табылады. Менің ұғымдағы махаббатты мүлдем сипаттай алмаймын. Бірақ, отбасы болу үшін ғашықтық аздық етеді. Махаббат ол бүгін бар, ертең жоқ сезім. Отбасы болу үшін сыйластық пен өзара түсіністік керек. Өмірдің санқилы жағдайларында бір-біріне демеу болу керек. Осы туралы екі адамның ой – пікірі бір жерден тоғысса ғана әдемі отбасы болады деп сенемін. Қазақстанда қанша жастар ажырасып жатыр. Сондықтан, мен Қазақстанды үйленетін жер деп айта алмаймын.
– Сонда үйлену үшін ең қолайлы жер қайда?
– Болашақ жарымды таудан іздеймін, баудан іздеймін деп айта алмаймын. Егер мүмкіндік болса, шетелде тұрғым келеді. Ол жаққа менің анам да, болашақ әйелім де тез үйреніп кетеді деп ойлаймын.
– Ал, қалыңдықтың ұлты маңызды ма?
– Мен үшін қазақ болуы маңызды. Ең бастысы, мен сияқты ойлап, болашаққа жоспар құра алса болғаны. Шетелде де қазақтар көп қой. Мүмкін, сол жақтағы бір қазақтың қызына үйленетін шығармын. Америкада тұрсам міндетті түрде америкалық қыз болу керек деген шарт емес.
– Үйленген соң қай елде тұруды армандайсыз?
– Мен Лос-Анджелесті таңдайтын едім. Себебі, өзім сияқты өнер үшін ішкен асын жерге қойып жүрген азаматтардың барлығы сол жақта жүр. Отандастарымыз ол жақта да көп. Әсіресе, түп тамыры Алматылықтар Америкада өте көп.
– Өмірде өкінетін сәттеріңіз көп пе?
– Қатты өкіндім деп айта алмаймын. Қазір Қазақстанда өкінетін не бар? Түк те жоқ қой. Жеке басыма келетін болсам шүкір еш өкініш жоқ. Музыканы тастап кеткеніме бес жыл болды. Бес жылдан кейін қайтып келсем өнерде де түк өзгеріс жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Сол баяғы әншілер, сол баяғы бағыттары, сол баяғы әндерімен сол баяғы тойда жүр. Түрлері қартайып кеткен өнер адамдары әлі тойда жүр. Ешқандай қозғалыс жоқ. Өкінетіндей түк жоғалтпадым. Ертең менде шашым ағарып, сақалым сапсиып тойда жүрмес үшін киноға кеттім.
– Ал, кино әлеміне көңіліңіз тола ма?
– Ол жақта да қозғалыс жоқ. Мен түсірген фильм халыққа ұнады ма? Ұнады. Рекордты қойды ма? Қойды. Нұрлан Қоянбаевтың қалтасы қалыңдады. Менің де, барлық шығармашылық топтың да қалтасы толықты деп айта аламын. Алайда, кино-әлемінің де кемшілігін байқадым. Музыкада да бар кемшілік кинода да бар. Сол кезде мен ойландым қалу керек пе? Әлде көшу керек пе? Болашақта ұл-қыздарым өнерге жақын болса, мен сияқты осылай тұншығып жүрері анық. Сондықтан, шетелде өмір сүріп, Қазақстанда жұмыс жасауды мақсат етіп жүрмін. Қазақстанда жұмсаған 500 мың теңгені шетелде де керегіңе жеткізуге болады.
– Бұл сұхбат жарыққа шыққан кезде аға-буын өкпелейді деп ойламайсыз ба? «Жәке, сұхбатты өшірейік немесе өзгертейік» деп хабарласып тұрмайсыз ба?
– Мен оларға қатысты айтып отырған жоқпын. Олар өздерін дәлелдеді. Өздерін қойды. Мен өзіміздің қатарластарымызға қатысты айтып отырмын. Ал, аға буын менің шындықты ашып айтқаным үшін өкпелейді деп ойламаймын. Алайда, ащы шындықты қабылдау оңай емес.
Оқи отырыңыз:
Мейрамбек Бесбаевпен бірге «Алғашқы махаббат» картинасына түскен ару қазір қайда жүр?
Айдарбекова: Дауысым жоқ болса да сахнада талай ән айттым, Жұлдызда үйреніп кетеді
Мемлекеттік марапатқа ие болған Сиви Махмуди жұрттың сынына ұшырады
Түркия халқы Мейрамбек Бесбаевты шашу шашып қарсы алды (фото, видео)