Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлық тапқанымды жолдасыма беремін": Жеңіс Ысқақова еркектер ұсақталмау үшін не істеу керегін айтты

Қазір қоғамда әйелдің табысына күн көріп, өздері жылы диваннан жұмсақ жерлерін көтермей жататын еркектер көбейіп келеді. Олардың күн санап артуына әйелдердің де кінәсі бар, дейді әнші Жеңіс Ысқақова. Бұл туралы әнші Stan.kz тілшісіне айтып берді. 

Жеңіс Сқақова

«Еркектің әлсіздігі деп айтатын болсақ, қателеу болатын шығар. Табиғат еркекті еркек қылып жаратты. Бірақ адам баласы жақсы нәрсеге тез үйренеді. Әйел адам еркекке қарағанда мықтылау. Шыдамдылау. Әйелдің қырық жаны бар деген сол шығар. Қиын кезде әйелдер бірінші алға түсіп кететін сияқты. Өйткені, әйелдің бойында аналық инстинкт бар. Бірінші кезекте әйелдер жанұяны, бала-шағаны қорғау туралы ойлайды», - дейді ол. 

Ал әйелдің мұндай пысықтығы мен еңбекқорлығын шектен тыс пайдаланып жататын еркектердің саны күн артып көбейіп келеді. Алайда барлық қазақ жігіті ұсақталып, әлсізденіп кетті дегенге әнші түбегейлі қарсы.

«Мен еркектерді қорғап жатқан жоқпын. Бірақ мынау экология ма, әлде қоғам бұзылды ма?! Бұрын әкем айтатын еді заман жақсы, адамдар бұзылды деп. Мына ер адамдар әлсіздеу болып қалған сияқты. Сөзіңді сөйлеп отырған қатының болса, аузың қышып бара ма деген сияқты тірлігіңді жасап отырған қатын бар болса, олар ыңғайланып отырып жүре береді. Бірақ бәріне, әрине, топырақ шашуға болмайды. Еркектердің арасында да нағыз еркектер бар», - дейді әнші.

Сондай-ақ, отбасының барлық табысы әйелдің әмиянында емес, еркектің билігінде болғаны абзал дейді Жеңіс Ысқақова. 

«Жанұяның ақшасы еркектің қолында болуы керек. Біздің үйде барлық ақша күйеуімнің қолында. Мен, тіпті, өзімнің барлық тапқан гонорарымды жолдасымның қолына беремін. Сол жолдасымның арқасында барлығына жетіп отыр. Жалпы, еркекті қадірлеген қазақпыз ғой. Ер азаматтарға сенім артып, соларды жұмсауымыз керек сияқты. Ең алғаш тұрмысқа шыққан кезде шешем «Ақша еркектің қолында болсын. Береке сол кезде болады. Әйелдің шайтаны жағаласып жүреді» деп айтқан. Әрине, ол кісілердің заманы басқа, заңы басқа", - дейді Жеңіс Ысқақова. 

Бірақ, әншінің жекесіне келетін хаттардың ішінде тапқан табысын күйеуі ойынға немесе басқа да арам жолдарға жұмсағанын жазатын келіншектер көп екен. Ондай азаматтарға сенуге болмайтынын және еркекке тұңғыш баласындай емес, арқасүйер азаматым деп қарап, үнемі мотивация беру керектігін тәжірибиелі келіншек Жеңіс Ысқақова жастарға кеңес етті. 

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау