Жемқорлыққа қатысты қамауда болған шенеунік Түркістан қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды
Фото: СПК Shymkent
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып бұрын Шымкент қаласының құрылыс басқармасын басқарған Әбілсейіт Рабаев тағайындалды.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әбілсейт Рабаев 1981 жылы Түркістан облысы Ордабасы ауданында дүниеге келген.
2003 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін "Жол қозғалысын ұйымдастыру инженері" мамандығы бойынша, ал 2008 жылы Қарағанды экономикалық университетін "Экономист" мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2002 жылы "Компания Ерке" ЖШС-сында оператор болып бастаған ол кейін ОҚО жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасында түрлі лауазымда қызмет етті.
2021 жылдың тамыз айынан бастап Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарды.
Түркістан қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғанға дейін Respublica партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы болды.
2013 жылы Рабаев Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы болған кезде қаржы полициясы оны қамауға алған болатын.
Оған орындалмаған жұмыс үшін бюджеттен 131 млн теңге жымқыру дерегімен Қылмыстық кодекстің 176-бабы "Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша айып тағылды. Уақытша қамауға алынған басшының ісі бір жылға созылды.
Іс 35 том болды, 70-ке жуық куә жауап берді. Рабаев бір жылға жуық тұтқында болды. Алайда 2014 жылдың мамырында сот оны кінәсіз деп тапты.
Осыдан кейін Әбілсейіт Рабаев қызметіне қайта оралды.Ол қайтадан облыстық басқарманы басқарды, енді Түркістан әкімінің орынбасары қызметіне кіріспек.
Бұған дейін Hermes сөмкесі үшін істі болған Сәкен Мұсайбеков "Барыс" хоккей клубының бас директоры болып тағайындалғанын жазған болатынбыз.

Радикализмнен қорғанудың жолы – иммунитет қалыптастыру: Теріс ағымнан сақтануда діни білімнің маңызы қандай
