Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Желкеде тұрып алып, "нервқа" тиесіздер": Абай облысындағы өрт сөндіруші жұмысқа кедергі келтірген шенеуніктерге ашуға толы видеоүндеу жолдады

Соңғы күндері Абай облысындағы алапат өрттің салдары қазақ елінің қабырғасын қайыстырды. Семей орманын шарпыған қызыл жалын бірнеше адамның өмірін жалмады. Ал дәл сол аймақта отпен алысқан өрт сөндірушілер ашуға булығып, әлеуметтік желіге видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы. 


Айта кетейік, өткен жексенбіде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталған өңірге іс-сапармен барып, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан марқұмдардың ет-жақындары мен отбасына көңіл айтты. Президент табиғи апат кезінде жақынынан айырылған жандарды жұбатып, олардың отбасына жеке жәрдемақы тағайындалып, материалдық тұрғыда толықтай көмек көрсетілетінін баса айтты.

Сондай-ақ бұл кездесуде марқұмдардың жақындары жұмыс барысындағы мәселелерді айтып, біраз былықтың бетін ашты.
Дәл осы бас қосудан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты мамандарды жанына жиып, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді.

Сонымен қатар президент ТЖМ орынбасары Марат Күлдіковтің баяндамасын ортасынан бөліп, нақты сұрақтарға жауап беруін талап етті және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады. 
Санаулы сағат бұрын әлеуметтік желіде Абай облысында өртпен арпалысып жатқан жігіттердің видеоүндеуі тарады. Олар өз жұмысына кедергі келтірмеуді өтінді. 

"Кешеден бері осы өртпен алысып жүрміз. Мына жақта кейбір ағаларымыз келіп алады да, "не істеп тұрсыңдар, неге жұмыс істемейсіңдер?" деп желкемізге тұрып алады. Сіздер жұмыс істеп жатқан адамдарға қалай "нервке" тиетінін білесіздер ме? Сол үшін бір қазақ елі болып, жақсы жағынан қарап, неге ниеттеріміз түзу болмасқа? Сіздер желкеден тұрып аласыздар да, жұмысқа кедергі боласыздар. Біз үшін адам өмірі маңызды", – деп ашуланды өрт сөндіруші жігіт. 
  • Еске сала кетсек, тосыннан келген тілсіз жау біздің елді жылда әбігерге салатыны жасырын емес. Мәселен, былтыр, яғни 2022 жылдың 2 қыркүйек күні тұтанған Қостанайдағы орман өрті еріксіз ойға оралады. Аталған апаттың салдарынан бір адам қайтыс болды, 12 тұрғын жарақат алды. Әлгі қызыл жалын 43 мың гектарды шарпып, 100-ден астам тұрғын үй жанып кеткені ел есінде.  
  • Сондай-ақ 2021 жылы 10 мамырдағы Риддердегі алапат өрт те халықтың жадында. Екі адамды күйік шалса, егде жастағы әйелдің мәйіті табылған. Айта кетейік, Шығыс Қазақстандағы Лесхоз ауылының маңында басталған тілсіз жаудың кесірінен 35 үй мен 9 ғимарат жанып кеткен еді.
  • Жауапты министрліктің мәліметіне сүйенсек, 2020-да да оңай болмаған. Аумағы 50 гектардан асатаны дала өрті екі есеге көп тіркелген. Дәл сол жылы өрттің ошағы – Батыс Қазақстан өңірі екен. 
  • 2019 жылы жұрттың мазасын қашырған тағы бір оқиға – Арыстағы жағдай. 24 маусым күні әскери бөлім аумағында жойқыс жарылыстың салдарынан алапат өртке ұласқан еді. Аталған апаттың кесірінен 3 адам оқиға орнында қаза тауып, жараланған 74 адам ауруханаға жеткізілген еді. 

Бейнематериалдың толық нұсқасын Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

 

Талқылау