Әлеуметтік желіде Талдықорғанда, Көксу және Ақсу аудандарында кесілген ағаштар мен жасыл желектің видеосы тарады. Облыс орталығының тұрғындары бірнеше көшедегі жекеменшік ұйымдарға тиесілі аумақтарда қарағай, терек және қарағаштарды отап жатқанын видеоға түсіріп алған.
Қала әкімдігі бұл жазбаларға қатысты пікір білдіріп, ағаштарды жекеменшік тұлғалар заңсыз кескенін хабарлады.
“Көрсетілген мекенжайлар бойынша жасыл желектерді кесуге ешқандай рұқсат берілген жоқ. Кінәлі тұлғаларға қатысты шара қолдану үшін полиция басқармасына хат жолданды”, – деп мәлімдеді Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі.
Кейін ағаштарды отаған кінәлі тұлғалар шынымен де табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сонымен қатар Көксу ауданының тұрғындары да бірқатар бейнематериал жариялады. Ауыл халқы Ақшатоғай, Теректі ауылдарының маңында және Алматы қарай баратын облыстық тасжол бойындағы ағаштардың кесіліп жатқанын айтып, наразылық білдірді.
Аудан әкімдігі орман алқабының оталғанын растады. Әкімдік бұл шараның мәжбүрлі екенін және суару (ирригациялық) жүйелерін қалпына келтіру, каналдарды тазалау, сондай-ақ су бұру науаларын орнату, жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарымен байланысты екенін атап өтті.
“Барлық жұмыстар бекітілген жобаға қатаң сәйкес, қауіпсіздік техникасы талаптарын, санитарлық нормаларды, экологиялық талаптарды және басқа да нормативтік-құқықтық актілерді сақтай отырып жүргізіліп жатыр. Көктем мезгілінде кесілген ағаштардың орнын толтыру мақсатында арнайы жер телімі анықталып, сол жерде көшет отырғызу жұмыстары жүргізіледі”, – деп хабарлады Жетісу облысы Көксу ауданының әкімдігі.
Алайда әлеуметтік желіде жасыл желектің заңды кесіліп жатқанына қатысты кесу күмәнді видеолар әлі тарап жатыр. Видедан жолдың бойында өсіп тұрған, сау әрі мықты ағаштардың діңі әдейі кесіліп, кейін кеуіп қалуы үшін кертілгенін көруге болады.
Сондай-ақ Ақсу ауданының тұрғындары билік Қызылағаш ауылы маңындағы орманды жойып жатыр деп дабыл қақты. Алайда аудан әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, бұл жұмыстары аумақта жердің мелиоративтік жағдайын жақсарту, жаңбырлатып суару жүйесін орнату және жерасты суару құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
“Бұл шаралар ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, дақылдардың өнімділігін арттыру және егіс алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз ету мақсатында жүргізіліп жатыр. Аталған аумақ суармалы егіншілікке ауыстырылғандықтан, жел эрозиясынан қорғауға арналған қорғаныш орман белдеуінің қажеттілігі жойылды”, – делінген жауапта.
Сонымен қатар әкімдікте жұмыстардың жер және орман заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Қорғаныштық қызметті қалпына келтіру мақсатында орнына жаңа көшеттер отырғызылмақ.
Ал полиция қызметкерлері мен прокуратура өкілдері Жетісу облысы аумағындағы заңсыз ағаш кесу деректерінің саны туралы ақпаратты беруден бас тартты.
