Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұның бәрін кім жинайды?" Желіде SDU университетінің ерекше дәстүрі қызу талқыға түсті

SDU қағаз лақтыру дәстүрі үшін сынға қалдыФото: Видеодан скриншот

Желіде Сүлеймен Демирел атындағы университетте сессияның аяқталуына орай қалыптасқан “Aiqaila” дәстүрі қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Университет білім алушылары әлеуметтік желідегі парақшаларында “Aiqaila” дәстүрінен видеоларды бөлісіп жатыр. Жыл сайынғы дістүрге сай студенттер жоғарғы қабатта жиналып, бұған дейін оқуға қолданған, бірақ енді қажет етпейтін парақтарын бір сәтте төменге қарай лақтырады. 

Студенттер видеоларын желіге жүктеп қана қоймай, арманының орындалғанын да жазған.

Алайда желі қолданушылары өзге дүниеге назар аударған. Олар мыңдаған қағаздарды жинайтын техникалық қызметкерлердің жағдайына алаңдаған.

“Мұның бәрін кім жинайды?”, “Ақымақтар, еден жуушылардың жұмысын көбейтіп”, “Әрине, күшті дәстүр екен. Бірақ техникалық қызметкерлердің де ойласаңдар қайтті”, “Еден жуатын апай үшін жүрегім ауырып тұр”, “Еден жуатын апай директорға барып, жұмыстан шығамын деген шығар”, “Осыны жинайтын апайды аямайсыңдар ма?”, “Байғұс – деп жазған олар.

Университет не дейді?

Жоғары оқу орны баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шара Ақпараттық технологиялар және қолданбалы математика мектебі бастамасымен ұйымдастырылады және мектеп жанындағы WE_SDU студенттік ұйымының үйлестіруімен өтеді.

“Бұл іс-шара барысында қолданылатын қағаздар шара аяқталғаннан кейін толықтай студенттердің өздері тарапынан жиналып, арнайы өткізу пункттері арқылы қайта өңдеуге тапсырылады. Университеттің техникалық персоналы бұл процеске тартылмайды, тазалық пен тәртіпті сақтау жауапкершілігі студенттердің өздеріне жүктелген. “Aiqaila” – бұл сессияның сәтті аяқталуын атап өтудің, студенттердің бір-біріне қолдау білдіруінің және академиялық кезеңнің аяқталғанына деген қуанышын мәдени әрі жауапты түрде жеткізудің бір көрінісі. Аталған дәстүр студенттердің белсенділігін, ұйымшылдығын және экологиялық жауапкершілігін айқын көрсетеді”, – делінген жауапта.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 26 Желтоқсан, 2025 16:06