Желіде ақбөкендерді қоршауға алып, мойнын кесіп, бауыздап жатқаны түсірілген видео тарады (видео)
Фото: Видеодан скрин
Желіде жүк көлігінен ақбөкен өлексесін төгіп жатқаны түсірілген видео тарады. Ал тағы бір кадрларда мотоциклмен бір топ дала жануарын қуып әкеп, қоршау ішіне қамап, пышақпен мойнынан бауыздап жатқан адамдарды көруге болады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Stan.kz тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігінен мән-жайды сұрап білді.
Министрлік мәліметінше, видео ескі және бұл Қазақстанда ақбөкен популяциясын реттеу мәселесі туралы шешім қабылданған кезде болған жағдай.
“Оқиға 2023 жылы Қостанай, Ақмола және Қарағанды облыстары аумағында болған. Сол кезде ақбөкендердің Орал және Бетпақдала популяциясын реттеу үшін корал және ату тәсілі жүргізілді. Видеода корал әдісімен киік санын реттеудің заңдастырылған әдісі жүргізілген. Сонымен қатар Ұлытау облысы аумағында ақбөкендердің Бетпақдала популяциясын реттеу 2024 жылдың қаңтарында жүзеге асырылды”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше, екінші видеодағы жағдай 2025 жылдың қыс айында болған.
“Екінші видеода Қаражал қаласы бойынша 2025 жылдың 26 наурызы мен 2 сәуір аралығында Инспекция қызметкерлерімен, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне бағынысты мекемелерінің қатысуымен Қаражал қаласында бірлескен іс-шаралар жүргізілді. 2025 жылдың қыс айында табиғи жолмен өлген ақбөкендердің өлекселерін жинау және кәдеге жарату жұмыстары іске асырылды. Жиналған ақбөкендердің өлекселері жергілікті атқарушы органдармен арнайы белгіленген шұңқырға тасталып, көмілді”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2024 жылы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда әуесқой аңшыларға ақбөкенді аулауға рұқсат берілетінін мәлімдеген еді. Кейіннен былтыр сәуір айында Қостанай облысына барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездескен мемлекет басшысы ақбөкендерді атуға тыйым салынатынын хабарлаған.

"Күн сайын 20 000 теңге беруге уәде берген": Қазақстандық азамат ИП-сін жалға беріп, алаяқтардың құрбаны болды
