Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Желіде 7 жылға сотталған Бақытгүл Хаменованың тойда жүрген видеосы тарады

ХаменоваФото: atpress.kz

Әлеуметтік желіде 2022 жылдың қарашасында 7 жылға бас бостандығынан айырылып, бірақ жазаның орындалуы 3 жылға кейінге қалдырылған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

"Атырауда пара алғаны үшін сотталған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары және бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова тойда көзге түсті. Видеода ол шенеуніктер мен полицейлердің арасында құрметті қонақ ретінде бірінші қатарда тұр", – делінген тараған видеоның сипаттамасында.

Атырау облыстық сотының "ҚазАқпарат" агенттігіне берген жауабында айтылғандай, Хаменоваға қатысты жазаның орындалуы үш жылға шегерілген.

2022 жылдың қарашасында сот Бақытгүл Хаменованы кінәлі деп танып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған, бірақ екі кәмелетке толмаған баласы бар болғандықтан, жазаның орындалуын 3 жылға кейінге қалдырған.

Бұл іс бойынша Атырау облысының мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиев және "Балқыту" ЖШС директоры Өміртай Адамов та сотталған еді.

Оларға Абай ескерткішін орнатуға арналған келісімшартты жасау үшін 4,5 миллион теңге көлемінде пара алу және беру фактісі бойынша айып тағылған.

Соттың шешімімен Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды (жазаны өтеу кейінге қалдырылды), Ақылбек Рысқалиев 7 жылға сотталды, Өміртай Адамов – 4 жылға бас бостандығынан айырылды (залда қамауға алынды).

Бақытгүл Хаменова мен оның адвокаты апелляциялық шағым берген, алайда сот оның үкімін күшінде қалдырған.

Ал екі басқа фигуранттың жазасы жеңілдетілді. Ақылбек Рысқалиевтің жазасы 7 жылдан 2 жылға қысқартылды. Өміртай Адамовтың жазасы 4 жылдан 1 жыл 6 айға дейін азайтылды.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 28 Қазан, 2025 14:57
Талқылау