Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жеке тұрғын үйлер тексерілмейді": Алматылықтар тауда коттедж салынып жатқанын байқады

Фото: Stan.kzФото: Stan.kz

Алматылықтар Ақбұлақ тауынан жоғары жерде құрылыс жүріп жатқанын байқап, фотоға түсіріп алған. Картадан мекенжайды қараса, бұл жерде екі ғимарат салынып жатқан көрінеді. Біреуінің мекенжайы белгілі болғанмен, екіншісінікі әлі нақтыланбаған. Stan.kz ақпарат агенттігі бұл құрылыстардың иесі кім екенін және не салынып жатқанын Алматы әкімдігінен сұрады.

"Ақбұлақтан жоғары жақта, тауда, жасыл желектің қақ ортасында салынып жатқан құрылысты байқап қалдым. Бұл заңды құрылыс па екен, кім біледі? Мұнда не салынып жатыр? Заңды түрде санылып жатқанына күмәнім бар", – деп жазды оқырман.

Stan.kz сайты Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасынан құрылыстың иесі кім екенін сұрады. Басқарманың дерегінше, құрылыстың мерзімі мен аяқталу уақыты белгісіз. Бірақ онда коттедж бен шаруашылық құрылысы салынып жатқанын нақтылады.

"Алматы қаласы, Медеу ауданы, Керей Жәнібек хандар көшесі, 439-учаске мекенжайында коттедж және шаруашылық құрылыстардың құрылыс-монтаж жұмысы жүргізіліп жатыр. Меншік иесі 2025 жылғы 26 наурыздағы №37729 сәулет-жоспарлау тапсырмасын, сонымен қатар 2025 жылғы 28 мамырдағы №72661 эскиздік жобаға келісім алған. Құрылыстың жүргізілу мерзімі мен аяқталу уақыты туралы мәлімет жоқ", – деп жауап берді Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасы.

Сонымен қатар басқарма бұл ғимарат тексерілмейтінін нақтылады.

"Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" заңның 33-бабы 6-тармағының 1-тармақшасына сай, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органынан жеке тұлғалардың жеке пайдалануына арналған жеке тұрғын үйлер мен басқа да техникалық жағынан күрделі емес құрылыстар (бюджет қаражаты есебінен салынатын объектілер мен екі қабаттан жоғары жеке тұрғын үйлерді қоспағанда) тексерілмейді. Сонымен қатар заңның 60-бабы 2-тармағының 1-тармақшасына сай, эскиздер негізінде жобалық құжаттамасыз тапсырыс беруші немесе меншік иесі республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың жергілікті атқарушы органдарымен келісу арқылы екі қабаттан аспайтын жеке тұрғын үйлердің құрылысын жүзеге асыра алады", – нақтылады басқарма.
Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 24 Қыркүйек, 2025 15:43
Талқылау