Жеке кәсіппен айналысатын қазақстандық жұлдыздар
Халықтың қалаулысы болып, жұлдызының мәңгілік жану бақыты барлық әншіге бірдей бұйыра бермейді. Шоу-бизнестің заңы қатал болғандықтан, сұранысқа ие болудың қаншалықты қиын екенін жұлдыздар да жақсы біледі. Сондықтан болар, олардың көпшілігі осы күнде жеке кәсіп түрімен айналысып, қосымша табыс көзін табуды қолға алған.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Өткен жылы “КешYou” тобының экс-солисі Айдана Меденова Әлішер Нұржанов есімді продюсерге тұрмысқа шығып, сәбилі болды. Әнші алдағы уақытта тек сәнгерлікпен айналысуды жоспарлап жүргенін айтқан болатын. Алайда жоспарлары кенеттен өзгерген.
Фото: instagram.com/aidanamedenova/?hl=ru
“Айдана Меденованың сән студиясы” атты сұлулық салонын ашқан. Мұнымен қатар, бір кездері өзі қызығатын мамандардың енді өзіне тиесілі салонда жұмыс істейтінін айтып, мақтанып та үлгерді.
Фото: instagram.com/aigul_imanbaeva/?hl=ru
Танымал әнші әрі актриса Иманбаева Алматы қаласында “Айгүл Иманбаеваның шығармашылық және даму орталығы” атты мектеп ашты. Аталған мектепте дәріс алушылар “Сахна тілі және актер шеберлігі”, “Жеке вокалдық музыка сабақтары”, “Хореография”, “Дыбыс жазу студиясы”, “Изостудия”, “Риторика”, “Логика”, “Логопед”, “Психология” т.б. бағыттарда білімдерін жетілдіре алады. Аталған мектепте айтыскер Ринат Зайытов пен Мейрамбек Беспаевтың қыздары білім алуда. Мұнымен қатар, Айгүл Иманбаева 2011 жылы жеке музыкалық-театр орталығын ашқан болатын. Театр шымылдығын Ануидың “Медея” қойылымымен ашқан.
Фото: onlinemusic.kz
Киелі сахнадан алыстап, бар уақытын отбасына бөлген Индира Расылхан да жақын күндердің бірінде өнер мектеп-студиясын ашты. Бұл туралы “Астанаға келудегі негізгі мақсатым – мектеп ашып, шәкірт тәрбиелеу. Әзірге гастрөлдік сапарды кейінге қалдырмақпын. Себебі, “Мен ғашықпын” әнін халық қалай қабылдайды, соны бағамдап көрмекпін”, – деп сахнаға оралуға асықпайтынын айтқан.
Фото: жеке архивінен
Халықтың көзайымына айналып, өзінің тыңдармандарын тауып үлгерген әнші жеке орындаушы ретінде танылып қана қоймай, кәсіппен айналысуды жөн көрген. Тіпті аталған кәсіп түрімен 6-7 жыл бұрыннан бері айналысып келеді екен. “”Coffeetime” атты кофеханаларым бар. Бұрын-соңды жеке кәсіппен айналысып көрмегенмін. Енді жәймен тәжірибе жинап жатырмын. Өз ісіммен айналысуды да ұмытпаймын. Әр ата-ана өзінің балалары үшін еңбектенеді, олардың болашақтарының жарқын болғанын қалайды. Сапасына өте қатты мән береміз. Қонақтарымыз жәй ғана келіп, кофе ішіп кетсін деп емес, ләззат алып, демалса екен дейміз”, – деп болашақта көп уақытын тек шығармашылыққа арнағысы келетінін айтты.
Фото: instagram.com/nurlanalban/
Күні кеше халықаралық дәрежедегі сыйлықтың иегері атанып, отандық журналистерге үнсіз қалдыңдар деп ренжіген Нұрлан Албан да “Pascucci” атты кофехана ашқан. Бұл туралы бірінші болып Мәдина Сәдуақасова хабарлап, сүйінші сұраған. Әнші “Pascucci” кофеханасы ашылыпты. Оның иесі өздеріңіз танитын – Нұрлан Албан. Нұреке, құттықтаймыз! Сізге келетін болдық!”, – деп жазып, өзіне арнайы әзірлеген тәттілердің ұнағандығы туралы айтқан болатын.
Фото: today.kz
Алматы қаласының үлкен сауда орындарының бірі ADK орталығында танымал әнші Қайрат Нұртастың бутигі ашылған болатын. Мұнымен қатар, әншінің өзіне тиесілі “KN” атты журналы бар. Дүкенде эксклюзивті арнайы тапсырыс бойынша тігілген фрактар, салтанатты пиджактар да бар. Таза былғарыдан тігілгендерінің бағасы 200 мыңға дейін барады. Ал ең арзан киім – 1500 теңге тұратын шұлық. Гүлзира Айдарбекқызының айтуынша, киімдердің басым бөлігін Түркиядан алдырған. Бұған дейін Меруерт Түсіппайева “Гүлзира ханым дүкендегі тауарларын Қытайдан алдырады. Сол жақта тауар алып жүргенін көрдім” деп жұртты шошытқан еді.
Фото: instagram.com/djurinskaya/?hl=ru
“Сүйіктімді бәрінен қорғағым келеді” дейтін актриса Жәния Джуринскаяның Астана және Алматы қалаларында “JD” деп аталатын сұлулық салоны бар. Актриса аталған салонға косметиканы тек АҚШ-тан алдырып, барынша сапалы қызмет көрсеткісі келетіндігін айтады. Тіпті ол өз табынушыларын салонға шақырып, уақыты болып жатса жақыннан танысып, біргелікте бір шыны кофе ішуге дайын екенін жиі айтады.
Фото: instagram.com/karakat_a/?hl=ru
Әнші Қарақат Әбілдинаның Астана қаласында мектеп студиясы бар. Мұндай мектеп түрі жақында Алматы қаласында ашылмақ. Жаңа ұжымның құрамы анықталып, құжаттары да дайын болып үлгерген. Оқушы оқу мерзімі үш жылға жалғасатын мектепті тәмамдаған соң арнайы сертификат алады.
“Биыл бізге 7 жыл толды. 2009 жылдың наурызында Мектеп ашу идеясын іске асырған продюсерім Қыдекең жұмысты бастап беріп, ал енді жүзіп көр деп мені терең суға лақтырып жіберген болатын. Бұл өте күшті тәсіл екен. Басында бойымды қорқыныш билеп, батып кететіндей үрейленгеніммен, арқа сүйер азаматым маған сенім артып тұрғанда жүзіп шығуым керек болды. Сөйтіп, міне, отыз баламен бастаған жұмысымыз Аллаға шүкір бүгінде екі жүзге жуық оқушымен толығып, үлкен Өнер шаңырағына айналып отырмыз. Бұл жұмысымыздың тек басы ғана деп білеміз”, – деп әнші Алматыдан бөлек аталған мектептің филиалдарын Қарағанды, Шымкент сынды қалалардан ашуды жоспарлап отырғанын айтты.
Фото: www.m-astana.kz
Қыдырәлі Болманов пен Қарақат Әбілдина отандық ойыншық өндірушілерді қолдауға бағытталған “Қазақстанда жасалған” акциясын қолдап, “Бал-бала” балалар ойыншықтарын шығаратын алғашқы қазақстандық компания ашқан болатын. Продюсер мұндай ойыншықтардың аналогы жоқ екенін, Қазақстан тарихындағы алғашқы бренд екенін айтады. Компания Алдар Көсе, Тазша бала, Ер Төстік сияқты қазақ фольклорының кейіпкерлерінің де, өмірде болған адамдардың да прототиптерін ойыншық желісінде шығарады.
Танымал әнші, Орда тобының солисі Дастан Оразбековтың “DO’COMPANY” атты өзіне тиесілі продюсерлік орталығы бар. Аталған орталық бейнебаяндар түсіреді. Осы күнге дейін Айқын Төлепберген, Төреғали Төреәлі сынды әншілердің бейнебаянын түсіріп үлгерген.
Фото: geometria.org.ua
Алматы қаласының төріне жайғасқан “Сafé Central” кофеханасы Баян Есентаеваға тиесілі. Аталған кофехана туралы идеяны Ерік Тастамбеков ұсынған. “Достық Плаза” сауда орталығындағы кофеханаға бір уақытта 400 адам сияды екен.
Фото: ВК желісінен
Әнші Алтынай Жорабаева журналистерге берген сұхбаттарының бірінде “Қазақстан темір жолы” компаниясымен бірлесе істейтін отбасылық кәсібі бар екенін айтып қалған. Мұны жолдасы да растап, “Ақбура НС” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін Сәбит Әбдіхалықовтың туыстары бірлесіп басқаратыны белгілі болған-ды. Серіктестік жолаушыларға арнап пойыз төсеніш-жамылғыларын тігумен айналысады.
“АБК” тобының экс-солисі Ерлан Көкеев те әріптестерінен қалыспай “Ретро шлягер” мейрамханасын ашып, бірнеше жылдан бері сәтті жұмыс істеп келеді. Әнші алдағы уақытта Астанадан дәл осындай мейрамхана ашуды жоспарлап отыр.
Фото: іnstagram.com/dilnaz_akhmadiyeva/?hl=ru
Өзге әріптестерінен қалыспай Ділназ Ахмадиева “Embassy of Art” орталығын ашқан. Аталған орталық шығармашылық жобалардан бөлек, қайырымдылық шараларымен айналысады.
Фото: xmusic.kz
Танымал әнші Роза Әлқожа да жеке кәсіп бастап, “Мен сыйға тартқан орамал” атты дүкен ашқан болатын. Аталған дүкеннің ашылу салтанатын өзінің туған күніне орай өткізген екен. Бұл дүкенді ашудағы мақсатын әнші “Біріншіден, өз өрнегіміз бар орамал түрлерін көбейту. Екіншіден, халыққа қол жетімді бағада мұсылманша-қазақша киім түрін жаңа үлгіде жасап шығару”, – деп түсіндірді әнші.
Естеріңізге сала кетсек, “Қазақ аруы-2012” байқауы жеңімпазының продюсерлікпен қатар кәсіпкерлікті қолға алғаны туралы хабарлаған болатынбыз.