Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жегендері – қазы, астында қалың матрас": Шерзаттың өліміне күдіктілердің қамаудағы жағдайы туралы марқұмның туыстары айтып берді

Талғарда бір топ адам жабылып 16 жастағы оқушыны ұрып өлтірді деп айыпталған еді. Шерзат Қаржаубайұлының туыстары әділдік сұрап, Талғардағы жолды жауап тастады. Марқұмның анасы Гүльбара Бишмбиева оқиғаның мән-жайын айтып, баласын 7 емес, 13 адам ұрып-соғып, өлтіргенін мәлім етті. Полиция ұстаған күдіктілерді көзбен көру үшін Шерзаттың туыстары уақытша қамау изоляторына кірді. Stan.kz тілшісі марқұмның туыстарымен тілдесіп көрді. 

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Марқұмның анасы Гүлбара Бишмбиева баласын өлтірген күдіктілерді 20-25 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады.  

"Пышақталғаннан кейін де құлап жатқан жерінен келіп, үстінен тепкілеп жатыр. Менің жанымда енем болды. Ол кісіні де жұлқып, ұрды. Інімнің баламды құтқаруға шамасы болмады. 13 адамның бәрі ұсталып, тиісті жазаларын алса екен деймін. Менің баламды өлтірген адам 20-25 жылға сотталсын. Әділдік сұраймын", – дейді Гүльбара Бишмбиева. 

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Жақындарының сөзінше, оқиғаға 13 адамның қатысы бар, оның екеуі әйел. Олар қазір іске тек куәгер ретінде тартылыпты. Полиция ұстаған 7 күдіктіні көру үшін көз жұмған жасөспірімнің туыстары уақытша қамау изоляторына кірген. Олар күдіктілердің жағдайы бостандықта жүрген адамдардан жақсы деп отыр.

"Қылмыскерлердің ұсталғанына көз жеткізу үшін тергеу изоляторына кірдік. Жетеуін жеті камераға отырғызып қойған. Жетеуі жеті жерде. Бірақ олардан "адам өлтірдік, баланың өмірін қыршын қидық" деп отырған өкінішті көрген жоқпыз. Алдында жеп отырғандары – қазы. Астында қалың матраc. Мен өзім еркіндікте жүріп қазыны бір айда бір жеймін. Алдарында қазы, басқа да тамақтар тұр. Анық, ұзақ қарай алмадым. Олар неге 7 адамды ғана ұстап отыр? Бұл жерде 2 қызды қосқанда 13 адам бар. Біз соңына дейін барамыз. Олардың қазы жемек түгілі қара су ішуге құқығы жоқ", – дейді Шерзаттың әпкесі Бақыт Реймова.

Фото: Stan.kz/Медет Исапанов

Шерзаттың әкесі, Қаржаубай Нурумов тергеудің әділ өтетініне әлі де күмәнданады. 

“Көңілім орнына түсті. Қылмыскерлерді Талғардан Қонаев ауданына ауыстырды. Ішкі тәртіп бойынша артық ештеңе айтуға болмайды екен. Қалған ұсталмаған адамдарды да, шақыртады. Біз талап еткен екі қыз да жақын арада қамалады. Талғардың тергеушілері, бастығы кәмелеттік жасқа толмаған балаларды ата-анасыз шақырып, қорқытып мылтықты мойындарыңа алыңдар деп қысым жасатып жатыр. Кейін менің үйіме, ата-анамның үйіне адам жіберіп қылмыскерлердің жолын бөгеп қорқытып жатыр”, – дейді әкесі. 

Бұған дейін 16 жастағы оқушының туыстары оқиғаның мән-жайы туралы айтып берген еді. 

 

Талқылау