"Жайылымнан түк қалдырмайды": Аралда киіктер қаптап, шаруалар шығынға батты
Қызылорда облысы Арал ауданында биыл киік күрт көбейіп, мал бағатын шаруалар қиналды. Киіктер бірнеше ауылдың жайылымынан түк қалдырмаған дейді. Соның кесірінен төрт түлік жайылымсыз қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Pinterest.com
Қызылорда облысындағы Абай, Шижаға ауылдарында киіктің көптігі сонша – көліктерге де кедергі келтіреді екен. Даланы жайлаған жануар жайылымдағы төрт түліктің азығын тауысып біткен. Соның кесірінен шаруалар шығынға батқан.
“Малымыз мал болмай қалды. Арам өліп жатыр. Сосын арық малға өзі әр бәле үйір болады. Ауру, биттейді, кенелейді деген сияқты. Соның бәріне осы мына киіктің зардабы тиіп тұр”, – деді Абай ауылының тұрғыны Байтақ Тапалов.
Шаруалардың айтуынша, солтүстік-батыс өңірлерден қаптап келген киік темір жолдан әрі қарай асып өте алмайды. Сондықтан жол жиегінде осылай арам қатып жатқан бөкендер көп дейді.
Тақырға айналған дала аштан қырылған төрт түліктің де, киіктің де өлексесіне толды дейді көпшілік. Айтуларынша, жауаптылар әр жерде шашылып жатқан түз тағыларының өлексесін де әлі жинамаған.
“Осыған бір шектеу болу керек қой. Үкіметтен халықтың да жағдайын ойлау керек. Халыққа киіктен ешқандай пайда болып тұрған жоқ. Енді ертең анау тұрған өлімтік сасиды”, – деді Абай ауылының тұрғыны Нұрлан Мұсаев.
Жауапты инспекция өкілдерінің сөзіне сенсек, Арал аумағындағы ақбөкендер тек көктемге таяу азаяды. Сол үшін жануарлардың жылы өңірлерге кетуіне барлық мүмкіндікті жасап жатырмыз дейді.
“Киіктердің қыстың күні, көктемде өту жолы болғандықтан, ҚТЖ-ға хат жазып, сол өткелдерді аштырғанбыз. Қазір Бейнеуден Жезқазған аумағына дейін 16 өткел бар. Темір жолдағы сол өткелдер арқылы оңтүстікке жылжиды”, – деді Қызылорда облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Марат Нұрмағанбетов.
Инспекторлар қорғауға алынған жануарды жойғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады деп ескертті.