"Жаяу жүргіншілерге қауіп төндірді": Алматының қақ ортасында мопед жүргізушілері тәртіпсіздік жасады (видео)
Алматыдағы Арбатта мопед мінгендер тәртіпсіздік жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жаппай мопед тізгіндегендердің видеосы желіде тарады. Кадрлардан Арбаттың жаяу жүргіншілерге арналған бөлігінде бір топ мопед жүргізушісінің тұрғындарды ығыстырып, қауіп төндіргенін байқауға болады. Бұл әрекет алматылықтардың наразылығын тудырды.
"Мопед жүргізушілерінен “Сендер өзі өмірді бағалайсыңдар ма? деп сұрағым келеді. Жол қауіпсіздігін ойлау үшін қанша адам өлуі керек? Өзіңді ойламасаң да, өзгені ая, отбасыңды, достарыңды ая! Жолдағы тәртіпсіздікті доғар!" – деп жазды видео авторы.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жол ережесін бұзған барлық мопед жүргізушілері (13 адам) ұсталды.
“Оларға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615 (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүру қағидаларын бұзу) және 620-бабы (Жол жүруге қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мопедтер арнайы айыппұл тұрағына жеткізілді. Полиция мопед иелерінен заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес көліктерін тіркеуді талап етті”, – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, 5 сәуірден бастап жергілікті мақсатты ауқымды рейдтер жүргізіледі.
“Мопед жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылып, көліктері мамандандырылған айып алаңына қойылады", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылдың 5 сәуірінен бастап мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестірілетіні туралы жазған едік.