Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жау жоқ деме, жар астында": Әлемде жаппай қарулану белең алғанына назар аударған Тоқаев әскер күшін нығайтуды тапсырды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүкілармиялық кеңес отырысында қарулы күштердің әл-ауқатын арттыру жайлы айтты. Бұл жөнінде Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Токаев аскер

Астанада мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Бүкілармиялық кеңес отырысы өтіп жатыр. Президент өз сөзінде қарулы күштердің мемлекеттің мызғымас тірегі екенін атап өткен.

“Туған елдің тәуелсіздігін және бейбіт өмірін қорғау – қасиетті парыз. Туған жердің аумақтық тұтастығын сақтау – қастерлі борыш. Батыр бабаларымыз ғасырлар бойы жерінің шетін жауға бастырмай, бізге мирас етті. Осы ұлы мұраны көздің қарашығындай сақтау – басты міндетіміз.

Біртұтас әрі қуатты мемлекетті ұрпаққа табыстау – негізгі мақсатымыз. Ел іші – тыныш, қоғам – тұрақты болса, жасампаз әрі өркениетті мемлекетке айналамыз. Яғни дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, бейбітшілік және тыныштық керек”, – деді Тоқаев.



Қазақстанның барлық елдермен достық қатынас орнатқанын атап өткен президент ел ұстанымы айқын екенін айтады. Сөзінше, барлық мәселе халықаралық құқық аясында Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес шешілуге тиіс деп санағанымызбен, заман күнде құбылып жатыр. 

“Мемлекеттер өз мүддесін қорғау үшін жиі күш қолданатын болды. Әлемде жаппай қарулану белең алды. "Жау жоқ деме, жар астында" деген сөз бар. Қазіргі күрделі кезеңде армияның рөлі күшейе түсті. Армия егемендігімізді қорғауға әрдайым дайын болу қажет. Оның кәсіби дайындығы, заманауи қару-жарақпен, озық технологиямен жабдықталуы басты факторға айналды. Әскердің білікті болуы және ұтқырлығы ұрыс нәтижесіне тікелей әсер етеді. Армия осы талапқа сай болса, өз міндетін ойдағыдай атқарады. Түрлі қауіп-қатерге тойтарыс бере алады. Мен сайлау алдындағы бағдарламада Қорғаныс саласының басымдықтарына арнайы тоқталдым", –дейді Тоқаев.

Талқылау