"Жастардың миын улайды": Президенттікке үміткер Қарақат Әбден елімізде Хэллоуин мерекесін тойлауға тыйым салуды ұсынды
Қазақстан президенттігіне үміткер Қарақат Әбден елімізде Хэллоуин мерекесін тойлауға тыйым салуды ұсынды. Сөзіне 29 қазанда Сеулде болған қайғылы оқиғаны мысал ретінде келтірген ол жастарды ұлттық мерекелерді көбірек насихаттауға шақырады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әбденнің пікірінше, елімізде ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрімізге қарсы болатын мерекенің жастарға қажеті жоқ.
"Сеулде 150 адамның бір күнде қаза табуы өте ауыр оқиға, оның ішінде өзіміздің қаршадай қызымыз да бар екен. Ата-анасы бекем болсын. Кеше Алматыда алдымнан бір топ жастар шықты, араларында қыздары мен ұлдары бар. Олардың түрін көріп шошисың. Менің ойымша, Хэллоуин секілді мерекелердің бәріне заңды түрде тыйым салу қажет. Себебі біздің елімізге жастардың миын улайтын мерекенің қажеті жоқ", – дейді ол желіде тараған сөзінде.
Кандидат мұның орнына көпшілікті дәстүрлі мейрамдарды насихаттауға шақырады.
"Қазақтың рухани қазынасын балалардың бойына сіңіруді осы кезден бастайық, достар. Халқымызға жат, жастардың санасын улайтын дүниелерден алшақ болайық", – деп түйіндейді сөзін Қарақат Әбден.
- "Ауылда өскен қазақтың қызымын": Президенттікке үміткер Қарақат Әбден бие сауып, күбі піскенін көрсетті
- Қарақат Әбден тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашуды ұсынды
Еске салайық, Орталық сайлау комиссиясы 19 қазанда кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған кандидат Әбденді кезектен тыс президент сайлауына үміткер ретінде тіркеген.
48 жастағы Қарақат Әбденнің мамандығы – экономист-маркетолог. Мемлекеттік қызметте ұзақ жыл тәжірибесі бар – мемлекеттік кіріс, қаржы министрлігі мен салық комитетінде түрлі лауазымды қызмет атқарған. "Нұр Отан" партиясы (қазіргі "Аманат") аппаратында да қызмет істеген. Астана мәслихатының депутаты.
Бұған дейін Қарақат Әбден қазақ тілінен емтиханды тапсырып шыққан еді.
Қазақстанда мерзімінен бұрын президент сайлауы 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді.
21 қазанда кешкі сағат 18.00-де елде сайлауалды үгіт-насихат науқаны басталады. Ол 18 қарашаға дейін жалғасады. 19 қарашада – "тыныштық күні". Дауыс беру 20 қарашаға белгіленген. Президент жеті жылға сайланады.