"Рухтас, ниеттес жастардың ортасы": "Жастар Рухы" жастар қанатының төрағасы ұйымның мақсаты мен алға қойған жоспары туралы айтып берді
Қазақстан бойынша 100 мыңнан аса жасты біріктірген Amanat партиясының “Жастар Рухы” жастар қанаты еліміздегі жастар саясатына бағытталған ең ірі ұйымдардың бірі болып отыр. Құрылған күннен бастап аталмыш ұйым жастардың мәселесін шешіп, еліміздің дамуына үлес қосып келеді. Ал 2022 жылы атауын өзгерткен соң “Жастар Рухы” бірқатар жобаларды қолға алды. Stan.kz тілшісіне сұхбат берген ұйым төрағасы Нұржан Жетпісбаев “Жастар Рухының” алға қойған мақсат-міндеттері мен жастар арасындағы проблемаларды шешу жолдары туралы баяндап берді.
– "Жас Отан" "Жастар Рухы" болып өзгерген соң ұйымда қандай өзгерістер бар?
– 2022 жылдың шілде айында "AMANAT" партиясы жанындағы Жастар қанатының кезектен тыс VI Съезінде ұйымымыздың атауы өзгеріп, Жастар қанатын трансформациялаудың жаңа бағдарламасы қабылданды. 1 жыл көлемінде Жастар қанаты көптеген ірі әлеуметтік, экологиялық, патриоттық, мәдени-бұқаралық іс-шаралардың және қайырымдылық пен игі бастамаларды жүзеге асырды. Атап айтатын болсам, әскери тәрбие саласындағы жұмысты күшейту мен жастардың патриоттық сезімін, әскери қызметке қызығушылығын арттыру мақсатындағы "Qaisar" әскери-патриоттық жобасы, жастардың қоршаған ортаға деген құрметін, экологиялық жауапкершілігін арттыруды көздеген "ТазаLike" жобасы, жастардың ұлттық өнерге ұмтылысын, қызығушылығын жоғарылатуға бағытталған "Dombyra Party" шарасы, ауыл жастарын, жұмыссыз жастарға кешенді түрде өз потенциалдарын ашуға жәрдемдесетін "Өрлеу" жобасы, ана тіліміздің мәртебесін арттыру, насихаттау мақсатындағы "Менің елім – менің тілім" жобасы және т.б. Сондай-ақ "BIR TOLQYNDA" дискуссиялық алаңы мен "Рухтастар Cases" жастар сессиясы құрылды.
Қазақстан бойынша барлық санаттағы жастарды қамтып, жұмыс жасаудамыз. Біздің қатарымызда танымал спортшылар, медиа өкілдері, блогерлер мен IT мамандары, субмәдениет өкілдері, жайдарманшылар бар. Әр жобамызға осы азаматтарды бренд амбассадор ретінде белгіледік.
Тағы бір мән беретін жағдай – 1 жыл бұрын ұйым ребрендинг жасаған кезде біз ешқандай шараға немесе көлемді жобаларға жастарды қинап қатыстырмаймыз деп нық айтқан болатынбыз. Міне, содан бері осы ұстанымды ұстанып келеміз. "Жастар Рухы" Жастар қанатының барлық аймақтық филиалдарының да көзқарасы осындай.
– Ұйымның жұмысы қандай бағыттарды қамтиды, қай салаларда қызмет етеді?
– Жастар қанаты белгілі бір бағыттар мен салаларды ғана қамтып қоймайды. Жастар және заман талабына сай жан-жақты жұмыс жасағанды жөн көреміз.
Осы тұста "Жастар Рухы" Жастар қанаты Қазақстандағы барлық cанатты жастардың басын біріктіріп, шығармашылық және рухани қабілеттерін дамыту, салауатты өмір салтының тұрақты дағдыларын қалыптастыру, жастар арасында азаматтық-құқықтық және адамгершілік мәдениетке тәрбиелеу мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде. Жастар арасындағы өзекті мәселелерді зерделеп, оның нақты шешілуіне бар күш-жігерімізді салудамыз. Қоғамдық бағыттар бойынша ғана емес, отандық киберспорт пен Рубик текшесін дамытуға да ден қойып, жобалар жасау ойымызда бар. Мәселен, өткен жылы Жастар қанаты Astana Hub IT-стартаптар халықаралық технопаркімен ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Меморандум аясында киберспорт бойынша турнир өткізу жоспарлануда.
– "Жастар Рухы" президент айтқан Жаңа Қазақстанды құру жолында қандай үлес қосуда?
– Жастар қанатының Съезі барысында Мемлекет басшысы өзінің бейне жолдауында жаңа Қазақстан жастары үшін басымдықтарды атап өтті. Бұл білімге ұмтылу, еңбекқорлық және отансүйгіштік. Осы аталған үш басымдық бойынша да қарқынды жұмыс жүргізілуде. Біздің жастарымыз жаңа, әділетті Қазақстанды құру тек билік органдарының қолында емес, әркімнің өзінен басталатынын жете түсінеді. Жастардың ойы мен ұсыныстарын қабылдау үшін түрлі диалогтық алаңдар өткіземіз. Жоғарыда айтып өткендей, "Рухтастар Cases", "Bir Tolqynda" сынды жастар сессияларында қоғам мен әлеуметтік-саяси орталардағы мәселелерді ашық айтып, қолдан келгенше шешуге тырысамыз.
– "Жастар Рухы" "ғасыр індетіне" айналған синтетикалық есірткімен күрес жүргізе ме? Бұл үшін қандай шаралар қолға алынды?
– Жақында ғана "AMANAT" партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы партия жанындағы республикалық кеңестердің жаңа төрағаларымен жиын өткізіп, олардың мақсат-міндеттері нақтыланды. Солардың ішінде Нартай Аралбайұлы төрағалық ететін республикалық Жастарды қолдау кеңесі бар. Кеңестің биылғы жылғы алғашқы отырысы өтіп, онда электронды шылымның, вейптердің және есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің жастар мен жасөспірімдер арасында таралуы мәселесі талқыланды.
Мұнымен қоса, "Жастар Рухы" Жастар қанатының аймақтық филиалдары да профилактика ретінде түрлі шаралар кешенін жүргізуде. Мысалы, Алматы қалалық филиалдың ұйымдастырумен тұрақты түрде үйлер мен ғимараттарда есірткіге қатысты тыйым салынған жазуларды өшіру бойынша акция өтіп тұрады. Өзге де аймақтарда синтетикалық есірткімен күресу шаралары барысында жастарға түсініктеме жұмыстары жүргізіледі.
– Жастардың саяси белсенділігін арттыру үшін не істеу керек? Жастардың саяси жаңалықтар мен өзгерістерге қызығушылығын қалай бағалар едіңіз?
– Шыны керек, қазір жастардың саяси сауаттылығы мен қызуғушылығы бұрынғыдан едәуір артқан. Осыдан 4-5 жыл бұрын өз ойлары мен көзқарастарын еркін айтудан тайсалып, көптің бірі болып бұғып қалатын жастар болатын. Ал қазір Жастар қанатының жобаларында немесе өзге де шараларда жастармен тілдесіп, жолыққан кезде байқаймын, идеялары мен толғандаратын мәселелерді анық әрі нақты айта алады. Қоғам мен белгілі ортада өз құқықтары мен дербестіктерін сақтай алады. Кейде, олардың тарапынан өткір сұрақтар да қойылатынын жасырмаймын. "Өзіңнен баста" деген ұстанымның мағынасын түсінетін жастар барлығы өз қолында екенін түсінеді. Соған қарай жұмыс жасайды. Ауқымды шаралар немесе форумдар өткізген кезде де көріп жатамыз, ешқандай қинаусыз, "флешмобсыз" қызығушылық танытып, белсенді атсалысып жүреді. Бұл да бір жаңа деңгейге қадам басу болар.
"Жастар Рухы" Жастар қанаты қандай да бір жоба жасамас бұрын рухтастардың, студенттердің ой-пікірін ескереді. Екі жақта да тығыз қарым-қатынас болып, бір-бірін ести алса кері байланыс болады. Осылайша, бізге де, оларға да ұтымды, тиімді жобалар жасау арқылы, заманауи трендтерге сүйене отыра саяси белсенділікті арттыруға болады деп ойлаймын.
– "Жастар Рухын" әлеуметтік лифт деп те атайды. Ұйым жастарға қандай мүмкіндік береді?
Жастар қанаты ұйым болып құрылып, қалыптасқаннан бастап өз айналасына нағыз өз ісінің мамандары мен адал, патриот азаматтарды біріктіріп келеді. Бұл үрдіс жалғасатына де кәміл сенеміз. "Жастар Рухы" қатарында болғандар қазір еліміздегі жастар саясатында, билік органдарында жұмыс істейді. Бұл "таныс-тамырдың" арқасында емес, Жастар қанатының қатарында адал еңбек етіп, мол тәжірибе жинап, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жастармен түрлі бағытта жұмыс жасау арқылы жеткен жетістіктер. "Жастар Рухы" Жастар қанаты – тек ұйым ғана емес, республика бойынша барлық өңірді қамтитын рухтас, ниеттес жастардың ортасы. Рухтастардың бір-біріне бауырмалдығы арқасында үлкен бір отбасыға айналдық.
Біздің қатарымыздағы студенттер белсенді, ерікті болу арқылы жаңа орта табады. Жаңа мүмкіндіктер, қызықты сынақтардан шыңдалады. Жұмысқа, өмірге қажетті деген дағдыларды иеленеді. Ең бастысы, жан-жақтылық пен саяси сауаттылықты меңгеріп шығады. Бұл жайында "AMANAT" партиясының 2023-2027 жылдарға арналған "Халықпен бірге!" бағдарламасында да анық белгіленген. "AMANAT" партиясы мен "Жастар Рухы" жастарды қолдап, оларды өкілетті және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсынып отырмақ. Ол үшін біз жастар арасынан саяси көшбасшыларды оқытуды ұйымдастырамыз.
– “Жастар рухының” қолға алған "Сөйле" жобасы туралы айтып берсеңіз.
– "AMANAT" партиясының "Жастар Рухы" Жастар қанаты ағымдағы жылдың қаңтар айында "Менің елім – менің тілім" жобасын іске қосты.
Жоба аясында Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында "Сөйле" тілдесу үйірмелері ашылды. Қазіргі таңда келушілер саны 1500-ге жуық адамды құрайды. Қазіргі таңда үйірме шеңберінде шаралар кешені өтіп, онда ауызекі сөйлесу, оқу, жазу сынды бағдарламалар қарастырылуда.
"Сөйле" жобасы "Жастар Рухы" ЖҚ аймақтық филиалдары, сондай-ақ коворкинг орталықтарында аптасына 2 күн үйірмелер жұмыс жасауда. Қазақша үйренемін, білемін деушілерге жас шектеуі жоқ. Сонымен қатар, жоба аясында аптасына 1 рет - жексенбі күндері рухани кештер ұйымдастырылады.
Бұл жобаны жасаудағы негізгі мақсатымыз – қазақ тілінің мәртебесін арттыру, насихаттау. Жоба инфлюенсері, тіл жанашыры Яков Федоров бастаған бір ниеттес сабақтарды ақысыз негізде өткізеді. Оқытушылар құрамында Владислав Тен және т.б. бар.
Жыл соңына дейін қазақ тілін оқуға ынтасы бар жастардың және жоба аясында өткізілетін іс-шаралардың артуын көздеп отырмыз.
"Сөйле" клубтарының көмегімен тіл үйренуші азаматтардың санын кемінде 5000-ға жеткізсек, керемет көрсеткіш болары анық. Әрине, біз сан емес сапаға аса мән береміз. Ұзақ мерзімді перспективада жобаның ел ішінде үлкен қозғалысқа айналса деген ойымыз да бар.