Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жасөспірім 3 қаптама пісірілмеген "қытай кеспесін" жеп көз жұмды

жылдам дайындалатын кеспеФото: ru.pinterest.com

Мысырда 13 жасар бала бірден үш қорап жылдам дайындалатын шикі кеспе жеп қайтыс болды. Жасөспірімнің бұлай жасауына әлеуметтік желідегі балалардың құрғақ кеспемен жасаған тәжірибелері себеп болса керек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Alarabiya басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Алғашында бала өзін жақсы сезінген. Алайда жарты сағаттан соң денсаулығы күрт нашарлаған. Іші қатты ауырып, терлеп, құсқан. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады. 

Сараптама нәтижесінде, баланың тым көп құрғақ лапша жеп, соның кесірінен ішегі бітеліп қалғаны анықталды. Жасөспірімнің өнімді сатып алған дүкені де тексерілді. Бірақ зерттеулер кеспенің сапа стандартына сай екенін растады. Демек өлімге тұтыну әдісінің дұрыс жасалмауы себеп болған. 

Дәрігерлердің айтуынша, қазір жасөспірімдер арасында құрғақ кеспені кеміру әдеті кең етек жайып барады. Көптеген адам үшін бұл чипсы мен крекерден арзан, "балама" зат. Бос кеспе пакеттерін балалар алаңы мен мектеп айналасынан жиі байқауға болады. Ал оларды жеуге қатысты көптеген видеолар әлеуметтік желілерде көп қаралым жинап жатыр. Бірақ мұндай "ойын" тіпті қауіпті. Себебі кеспенің құрғақ тілімдері асқазанда тез ісінеді. Бұл ас қорыту мүшелеріне механикалық жүктеме жасайды және кедергіге әкеледі. Әсіресе бірден көп тұтынған жағдайда. Ал мұндай өнімдерге қаныққан дәм күшейткіштер мен консерванттар зиянды күшейтеді.

Жаңа Оңтүстік Уэльс университетінің ғалымдарының айтуынша, бір порция кеспеде адам тәулігіне тұтынуы тиіс тұздың 35-95%-ы бар. Демек, бар болғаны бір қаптама лапшаны жегеннің өзінде бала ағзасындағы тұз нормасынан асып кетуі мүмкін. Ал мұндай тағамды жиі тұтыну сусыздануға, бүйректің шамадан тыс жүктелуіне және қан қысымының жоғарылауына әкеледі.

Одан да қорқынышты деректерді Оңтүстік Кореяның зерттеушілері жариялады. Олар 2025 жылы аптасына екі реттен артық кеспе жейтін болсаңыз, метаболикалық синдромның даму қаупі 70%-ға артатының анықтады. Бұл жағдай семіздік, қант пен қан қысымының жоғарылауы, липидтер алмасуының бұзылуын қамтиды. Сондай-ақ қант диабетімен, жүрек-қан тамырлары ауруларымен және тіпті қатерлі ісікке шалдығуыңыз әбден мүмкін. 

Кейбір жасөспірімдер: "лапшаны құрғақ күйінде, дәмдеуіш қосындыларсыз жесе, зиянсыз" деп ойлайды. Өнімнің негізі тазартылған ақ бидай ұны. Оның құрамында тағамдық талшық, дәрумендер мен минералдар жоқ. Мұндай көмірсулардың гликемиялық индексі жоғары болғандықтан, қандағы қанттың күрт көтерілуіне және артық салмақ қосуға алып келеді. Демек бұл тұз бен дәмдеуіштерсіз жесе де, өнімнің зияны сақталады.

Мамандардың ортақ пікірінше, тез дайындалатын лапшаны айына бір реттен жиі тұтынбаған жөн. Ал балалардың рационынан мүлдем алып тастаған дұрыс.

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 04 Қыркүйек, 2025 15:11
Талқылау