"Жасанды интеллект туралы" заң күшіне енді: Енді қазақстандықтар нені ескеруі керек?
Фото: freepik.com
Қазақстанда “Жасанды интеллект туралы” жаңа заң күшіне енді. Құжатқа қол қойылғанына 60 күн өтті және рәсімдерге сәйкес құжат толық күшіне енді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қабылданған заң Қазақстанда жасанды интеллектіні (ЖИ) қолданудың құқықтық негізін қалыптастырып, осы саладағы мемлекеттік саясаттың басты қағидатын бекітеді.
“Жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу және пайдалану барысында адам, оның өмірі мен ерік бостандығы ең басты құндылық ретінде қарастырылады. Жасанды интеллект қолдану адамның саналы шешім қабылдау қабілетін шектемеуі тиіс. Ал адамның дербестігі технологияны қолданудың барлық кезеңінде сақталуы қажет”, – делінген хабарламада.
Заңда жасанды интеллектіні пайдаланудың негізгі қағидаттары бекітілген. Жасанды интеллектіні қолдануда әділдік пен теңдік сақталуы тиіс. Оның қалай жұмыс істейтіні түсінікті әрі ашық болуы қажет. Сондай-ақ жүйелердің жұмысына жауапты адамдар нақты айқындалуы керек. Бұдан бөлек, пайдаланушылардың деректері мен жеке мәліметтері қорғалып, жасанды интеллект жүйелері қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуі міндет.
Пайдаланушыларға жасанды интеллект жүйелерінің мүмкіндіктері, сипаттамалары мен шектеулері туралы толық ақпарат берілгені жөн. Азаматтар деректердің автоматтандырылған өңделуі туралы, оның салдары жөнінде, мұндай өңдеуге қарсы шығу мүмкіндігі мен өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерінен хабардар болуға құқылы.
“Заң жасанды интеллект жүйелерінің меншік иелері, иеленушілері мен пайдаланушылары арасындағы жауапкершілікті нақты айқындайды. Жасанды зият жүйелерінің өмірлік цикліне қатысатын барлық тарап олардың жұмысын тұрақты бақылауды, тәуекелдерді басқаруды және Қазақстан заңнамасына сәйкес жүйелердің қызмет нәтижелері үшін жауапкершілік алуды міндетіне алады”, – делінген хабарламдаа.
Жасанды интеллект жүйелерін әзірлеу және пайдалану энергия тиімділігі талаптарын сақтап, қоршаған ортаға келетін теріс әсерді азайту қағидатын ескеріп жүзеге асырылуы тиіс.
Жасанды интеллект жүйелерін қолдануға жеке деректер мен құпия ақпаратты қорғау талаптары толық сақталған жағдайда ғана рұқсат етіледі. Заң рұқсатсыз қол жеткізудің алдын алу шараларын, сапалы әрі репрезентативті деректер жиынтығын пайдалануды, мұндай жүйелердің қауіпсіздігі мен сенімділігін міндетті түрде қамтамасыз етуді көздейді.
“аң жасанды интеллект жүйелерін тәуекел деңгейіне қарай жіктеуді енгізеді: төмен, орта және жоғары тәуекелді. Маңызды салаларда қолданылатын немесе мемлекеттік ақпараттық ресурстарды қалыптастыруда пайдаланылатын жоғары тәуекелді жүйелер ақпараттық қауіпсіздік талаптары бойынша мемлекеттік жүйелерге теңестіріледі. Сонымен қатар автономдылық деңгейіне қарай адам қатысуымен жұмыс істейтін жүйелерден бастап толықтай автономды шешімдерге дейінгі жіктеу белгіленді”, – делінген хабарламада.
Қазақстан аумағында мынадай жасанды интеллект жүйелерін жасауға және пайдалануға тыйым салынады:
- манипуляциялық немесе бейсаналық әсер ету әдістерін қолданатын;
- адамның жасына, денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік мәртебесіне байланысты осал тұстарын пайдаланатын;
- әлеуметтік немесе биометриялық кемсітушілікке жол беретін;
- адамның эмоциясын оның келісімінсіз анықтайтын;
- жеке деректер туралы заңнаманы бұзатын;
- тыйым салынған контентті жасайтын және тарататын жүйелер.
Заң жасанды интеллектіні қолданудың ашықтығына қойылатын талаптарды да белгілейді. Пайдаланушылар тауарлар, жұмыстар немесе қызметтер жасанды интеллект көмегімен әзірленгенінен хабардар болуы тиіс. Синтетикалық контент міндетті түрде машинамен оқылатын түрде таңбаланып, пайдаланушыларға түсінікті ескертумен бірге ұсынылуы қажет.
Жасанды интеллектіні қолдану арқылы жасалған туындылар авторлық құқық нысаны ретінде адамның шығармашылық үлесі болған жағдайда ғана танылады. Ал адамның зияткерлік қызметінің нәтижесі саналатын мәтіндік сұраулар да авторлық құқықпен қорғалады. Шығармаларды Жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін пайдалануға автор немесе құқық иесі машинамен оқылатын түрде тыйым салмаған жағдайда ғана жол беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Енді Қазақстанда жасанды интеллект көмегімен жасалған контент міндетті түрде таңбалануы тиіс екенін жазған едік.
Жаңа үйленсе де өзге қыздарға жазады: Қазақстандық психолог неліктен ерлердің опасыздыққа баратынын айтты