Жас жігіттерді ұрған павлодарлық полицейлер 10 жылға дейін сотталуы мүмкін
Павлодарда жас жігіттерді соққыға жықты деген күдікпен ұсталған полицей түсінік беруден бас тартып, адвокат жалдаған. Бұл туралы қала прокуроры Ержан Бөлегенов мәлімдеді.
Қазіргі таңда аталмыш деректі тергеу құзырлы мекеменің бақылауына алынған. Айта кетейік, тәртіп сақшыларының азаматтық тұлғаларға қатысты заңсыз әрекеті облыс орталығындағы «Арай» дәмханасының маңында болған, деп хабарлайды Baq.kz агенттігінің өңірдегі тілшісі.
«25 жастағы полиция қызметкері түсінік беруден бас тартты. Аталған істі тергеу үшін материалдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке де жолданды. Күдікті 2014 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет еткені мәлім. Оқиға кезінде шақырту алған полицейлер әріптесінің заңсыз әрекетіне қол байлау болуы керек еді. Енді олар да күдікті ретінде есептеледі», – дейді Ержан Бөлегенов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта зардап шеккен екі азамат анықталды. Олардың денсаулық жағдайы тұрақты. Ал күдікті тәртіп сақшысы кеше Павлодар қаласының уақытша қамау изоляторына тоғытылды.
«Жанжал дәмханаға келген адамдардың арасында болған. Олар бойжеткенмен таныспақшы болыпты. Кейін қыз полиция шақыртқан. Айта кетейін, зардап шеккен азаматтар полицияға шағымданбады. Дегенмен, бұл жағдай тәртіп сақшыларының қызметтік бабын асыра пайдалануына байланысты болып отыр», – дейді Ержан Бөлегенов.
Еске сала кетейік, ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары қадағалау органының бақылауында.
Тағы да оқыңыз:
Жетісайдан Астанаға жеткізілген 35 мың тонна қарбыз ішінен улы құрт шықты (видео)
Павлодарда полицейлер жас жігіттерді таяқпен ұрып, басынан аяқпен теуіп тастады (видео)
Өзін өзі атып өлтірген Өмірбек Жампозовтың ұлы прокурордың ішінен тепкен
Жүрек талмасы болардан бір ай бұрын байқалатын 8 белгі