“Жас толқын-2016” байқауында Қазақстанның намысын “Сарын” дуэті қорғайды
2016 жылы Сочиде өтетін “Жас толқын” байқауында қазақ елінің намысын “Сарын” дуэті қорғайды.
Фото: instagram.com/saryn_toby/
Бұл туралы Stan.kz сайты хабарлайды.
Аталған топтың жетекшісі – RinGo тобының солисі Данияр Өтеген. Продюсердің сөзіне сенсек, дуэт 18-19 сәуір күндері Мәскеудегі іріктеуден еш қиындықсыз өткен. Жартылай финалға әлемнің барлық аймағынан 100-ге жуық қатысушы келген.
“Сарын” дуэті “Жас толқын” байқауына бірінші рет қатысып отыр. Аталған дуэт жартылай финалда The Beatles Back in the U.S.S.R, Meghan Treinor & John Legend I gonna lose you, “Тоқта, түн” сынды әлемдік деңгейдегі хит әндерді орындаған. Мұнымен қатар, “Мәңгілікке” атты авторлық әндерін айтқан.
“25 мамырға дейін продюсерлермен репертуарымыздың қандай болатындығын шешеміз. Жартылай финалда орындаған әндеріміз қайталануы мүмкін. Аталған байқау танымал композитор Виктор Дробышқа арналады”, – дейді Данияр Өтеген.
Продюсер бұдан өзге шәкірттері Алтынай Түлімбетова мен Берік Бердекеевтің өнеріне өзі де тәнті екенін жеткізді. “Олар физикалық әрі моральдық тұрғыдан қатты шаршады. Мұның барлығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір шетінен бақыттан бастары айналып жүр. Мен аталған байқауға қатысудың қаншалықты қиын екенін жақсы түсінемін. Олар сынаққа шыдаммен төзіп, барлығын ойдағыдай өткерді”, – дейді продюсер.
“Жас толқын-2016” байқауы 3-8 қыркүйек күндері Сочиде өтеді. 2015 жылы аталған байқауда Қазақстанды Ademi мен The Voice тобы таныстырған болатын. Әнші екінші орынды иеленсе, топ мүшелері алтыншы орынға келіп жайғасқан-ды.