Жас миллионер Арман Тосқанбаев: Қанша байысам да шетелге қашпас едім
Арман – алғашқы миллионын ол 17 жасында тапқан екен. Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы аз уақыттың ішінде бірнеше бизнес-жобаларды тиімді іске асырып үлгерген, тіпті банкроттықты бастан кешірген екен.
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Бизнеске деген қызығушылығы 15 жасында басталған Арман, 17 жасында алғаш рет компьютерлік техника сататын шағын дүкен ашады. Бұл салада келе жатқанына 10 жылдай болған ол, бүгінде үш фирманың жұмысын дөңгелетіп отыр.
“Елімізге қиын болған жылдары біз де жоқшылықты да, тапшылықты да көрдік, соны көре келе, жақсы өмір сүруге, жақсы тамақтануға, жақсы киім киюге деген талпыныс болды деп ойлаймын. Сондай талпыныстардың арқасында ақша табудың амалдарын іздестірдім. Соның бірі – компьютерлік техника. Ол кезде мониторлары үлкен компьютерлер болатын. Сол компьютермен жастайымнан қызықтым. Ермек ретінде мен 5-6 сыныптарда мектептің бұзылған ескі компьютерлерін жөндей бастадым. Мұғалімнің, туған-туыстардың компьютерлерін істеп жүріп, арасында 1-2 мың теңге табыс тауып, кейін бұл ісім үлкен қызығушылыққа айналып кетті. Сосын шағын компьютерлік бөлімше ашып, ақырын-ақырын ақша таба бастадым”, – дейді ол.
Арманның идеясымен басталған, бүгінде сауда нарығында өзіндік ерекшелікке ие “Отан” сағаттары сатылуда. Ұлттық нақышта, Елтаңбасы бар сағаттардың бағасы 130-325 мың теңге аралығында саудаланады. Бұдан соң “Жаңа жасыл технологиялармен” жұмыс істейтін компаниясы да бар.
“Аталған компанияда әкем екеуміз гидропондық құралдар жасайтынбыз. Ол құралдар мал шаруашылығына, ауыл шаруашылығына жасыл шөп өсіруге көмектесетін еді. Қарағандыда 250 гектар жеріміз бар. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында колледжбен бірлесіп өзіміздің шаруашылығымызды салып жатырмыз. Жазда 250 гектар жерде жылыжайлар жұмыс істейді. Сонымен қатар Қарағандыда өзімнің дәмханам да бар. Сондай-ақ серіктестеріммен туристік агенттік ашу да жоспарланған. Осылайша, бас-аяғы қазірге 3-4 бизнесім бар”, – дейді Арман.
Арман сағаттарын шетелде құрастырады. Өйткені, ол жақта бұл сала көш ілгері дамыған дейді. Сағаттарда швейцариялық, жапондық тетіктер қолданылып, сапфир шынысы, хирургиялық болат пайдаланылғандықтан бағасы да қымбат екен.
Небәрі 11 сыныптық ғана білімі бар Арман, бұл күнде бар ерік-жігерін бизнеске жұмсап, болашақта атағынан ат үркетін ірі маманға, кәсіпкерге айналуды көздейді. Сондай-ақ, ол болашақта шетелге қоныс аудару туралы да пікірін білдірген.
“Өз үйінен кім қашқысы келеді?! Сонымен бірге, үйде барлығы жақсы болса, онда сыртта жұрттың несі бар. Барлығы да туған жерінде қалғысы келеді. Ал жағдай нашар болса, әрине, барлығы қашуы мүмкін. Дегенмен, мен қанша байысам да елден қашпаймын. 90-шы жылдары қиыншылықты бастан өткердік, үйде жарық, су, тамақ болған жоқ, барлығын көрдік, бірақ одан өттік аман-есен. Жақсы заманға келдік. Сондықтан барлығына төзіп, шыдаймыз деп ойлаймын”, – деді жас миллионер.
Оқи отырыңыз:
Отандық экономистер теңгенің нығаюына қатысты өз болжамдарын айтты
Алматыда таразыдан жеп адамдарды алдайтын саудагерлердің былығы ашылды
Үнемге көштік деген Есімовтің “ЭКСПО-сына” тағы 33 миллиард қаржы бөлінетін болды
Сарапшылар Қазақстанда ең көп жалақыны кімдер алатынын анықтап көрді
Ұлттық банк тұрмысы төмен азаматтарды қолдаудың жаңа бағдарламасын ұсынды