Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жарнаманың жаңа дәуірі басталды": RAF-2025 форумында мамандар маркетинг саласындағы маңызды мәселелерді талқылады

Алматыда RAF – VI Өңірлік жарнама форумы өтті. Бұл – осы саладағы ең ірі шаралардың бірі. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Украина, Беларусь, Ресей және БАӘ сияқты елдерден келген жарнама агенттіктерінің өкілдері, медиа мамандары, маркетологтар, диджитал-платформалар, сыртқы жарнама операторлары мен БАҚ өкілдері қатысты. Форумға жалпы 500-ден астам маман жиылды. Форум тікелей эфирде де көрсетіліп, Қазнетте 55 мыңнан астам рет қаралды. 

Форум кезінде 16 баяндама тыңдалып, сала мамандары қатысқан 4 панельді талқылау өтті. RAF-2025 аясында алғаш рет жаңа форматтағы сессия болды. Онда қатысушылар "Жарнама маманы не нәрседен қорқады?" деген тақырыпты ашық талқылады. Барлығы 45 спикер, модератор мен сарапшы сөз сөйледі. Форум күні бойы өтті, ал кешке Tribune сыйлығы табысталды. 

RAF-2025 тақырыбы: "Өзгерістер хаосынан – нақты жоспарға"

RAF-2025 – Орталық Азиядағы жарнама және медиа саласының жыл сайын болатын маңызды іс-шарасы. Мұнда сарапшылар саланың стратегиялық тұрғыдан қалай дамитынын талдап, коммуникациядағы жаңа технология тәсілдерін таныстырады. Форум бағдарламасы бірнеше тақырыптық бөлімнен болды. Оның әрқайсы жарнама индустриясындағы өзекті трендтер мен қиын мәселелерді қамтыды.

Стратегия, аналитика, жоспарлау

Алғашқы сессияда маркетинг әдістері дерек пен автоматтандыру әсерінен қалай өзгеріп жатқаны талқыланды. Спикерлер аналитиканың шешім қабылдауға қалай көмектесетіні, клиенттердің мінез-құлқын болжау, барлық арнаны қамтитын стратегиялардың қаншалық тиімді екені және нарық үнемі өзгерген сайын дұрыс болжам жасаудың маңызы туралы айтты.

Жергілікті және жаһандық тұтыну мен медиа-тұтынуға қатысты зерттеудің нәтижесі бойынша, экономика өсіп келеді, бірақ сатып алушы тауарды мұқият таңдайтын болды. Оған құндылық пен жергілікті өнім маңызды. Digital әлі де жетекші орында тұр, бірақ адамдардың сенімі дәстүрлі медиаға көбірек.

Қазақстандық тұтынушы белсенді, бірақ есеппен әрекет етеді: тек пайдасы бар науқанға қатысады, бәрінің анық әрі адал болғанын қалайды. Сондықтан маркетинг те шынайы, жылдам және нәтижеге бағытталған болуы керек.

Кәсіби ортада да бейімделу басты мәселеге айналды. Жасанды интеллект нарықты біртіндеп емес, күрт өзгертіп жатыр: бұрын маңызды болған продакшн дағдылары өзекті болмай бара жатыр, енді басты нәрсе –  деректермен жұмыс істей білу, экожүйелер құру және ЖИ модельдерін басқару. Сонымен бірге бұл сала жергілік мәселелермен де бетпе-бет келіп отыр: салық жүйесіндегі өзгерістер, нарық мүддесін қорғау үшін күш біріктірудің маңызы сияқты мәселелер бар.

ТВ-блок

Телевизияға арналған сессияда ТВ-жоспарлаудың қалай өзгергені, аудиторияны, көрермен санын жаңа әдістер арқылы қалай есептейтіні және адамдардың теледидарды да, интернетті де қатар қарап, мінез-құлық әдетінің өзгергені айтылды. Оған қоса сарапшылар сапалы (премиум) контенттің маңызы, интернетке қосылған теледидарлар – CTV санының өсуі және ТВ аудиториясының деректерін онлайн арналармен біріктіру сияқты жаңа трендтерді талқылады.

Сыртқы жарнама

Бұл сессияда басты назар сыртқы жарнаманың цифрланғанында болды. Қатысушыларға цифрлық сыртқы жарнама (DOOH) қалай digital-аналитикамен бірігіп, сыртқы жарнама басқарылатын әрі нақты өлшенетін арнаға қалай айналғаны көрсетілді. Динамикалық креативтер қолданылған, ретаргетинг пен сұранысты болжап, іске асырылған кейстер таныстырылды. Сонымен қатар операторлар мен агенттіктерге арналған бірыңғай маркетплейс жүйесі ұсынылды. Бұл жүйе жарнамалық орындарды басқару мен сатып алуды жеңілдетіп, біртұтас технологиялық экожүйе қалыптастырады.

Digital жарнама

Цифрлық жарнама сессиясында AI арқылы іздеу жүйелерін жақсарту, алдын ала болжап жасалатын таргетинг, медиажоспарлауды автоматтандыру және тиімділіктің жаңа стандарттары талқыланды. Сарапшылар трафик сапасын арттыруға, аудиторияны дәл бөлуге және қолданушылардың мінез-құлқына қарай креативті оңтайландыруға жасанды интеллектіні қалай қолданғанын нақты мысалдармен айтып берді. 

Event & BTL

Ивент индустриясы да назардан тыс қалған жоқ. Ұзақ мерзімге жоспарлау кезеңі аяқталды, енді бастысы – икемді болу, алдын ала түрлі сценарий жоспарлау, ESG қағидаларын ұстану. Ал технологиялар – мақсат емес, тәжірибені күшейтетін құрал ғана.

RAF-2025 нарықтың жетілгенін көрсетті: саланың болашағы – нақты өлшеу, автоматтандыру және әртүрлі арнаны біріктіре отырып жұмыс істеуде екенін айқындады.

RAF-2024 форумының соңында Tribune.kz онлайн-басылымының марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты кешті Okori креативтік директоры Сергей Ремеле жүргізді. Сахнада 5 номинация бойынша жеңімпаздар аталды:

  • Үздік жергілікті жаңалық – "Citix және GForce Grey Қазақстанда “Свет Салтанат” әлеуметтік жобасын іске қосты", Citix технологиялық компаниясы және GForce Grey креатив агенттігі.

  • Үздік мақала - "Қазақстандағы инфлюенсер-маркетинг: блогерлермен тиімді жұмыс істеу жолы", Wunder Digital цифрлық хабы.

  • Үздік арнайы жоба – "Forte Premier кейсі: банк маркетингіндегі жаңа кезең", Progression CA жарнама агенттігі және Forte.

  • Назарда – "Қазақстан және Өзбекстан әлеуметтік желілері: ұқсастықтар мен айырмашылықтар", Wunder Digital цифрлық хабы.

  • Үздік сұхбат – "Дарья Свистунова: беделді басқару – PR-дан да ауқымды нәрсе", Дарья Свистунова, "Сидорин Лаб" Қазақстандағы бас директоры.

Жеңімпаздарды жарнама, маркетинг және PR саласының беделді мамандарынан құралған қазылар алқасы анықтады. Қазылар қатарында EZ Solutions компаниясының PR-менеджері Валерия Макеева, Орталық Азиядағы YandexAds директоры Мадина Сейсенғалиева, Halyk Bank-тің маркетинг және PR департаментінің директоры Әсел Мақұлбекова, I’M Restaurants компаниясының маркетинг директоры Евгения Емельянова, Aleph Group Inc аймақтық директоры Эдуард Габриелян, MediaInsider жетекшісі Виталий Бейлер және ITCOMMS PR-агенттігінің негізін қалаушы әрі басшысы Александр Лихтман болды.

Бұл премия бесінші рет өткізіліп отыр және Қазақстан мен Орталық Азияда өз саласындағы жалғыз жоба саналады. Жеңімпаздар Avon компаниясының сыйлықтарын алды.

Іс-шара ұйымдастырушылары Yandex Ads-қа спикерлерге қойылған үздік сұрақтар үшін мерч сыйлағаны үшін, ал Roshen компаниясына кофе-брейктерге тәтті өнімдер ұсынғаны үшін алғыс білдіреді.

Форумның ұйымдастырушысы – Орталық Азия Жарнама Қауымдастығы.
Бас серіктес – Integral Ad Science.
Ресми серіктестер – Admixer Media, Altel Business және Forte.
Серіктес – International Media Service.
Іс-шара серіктесі – халықаралық агенттік EZ Solutions.
Креатив серіктес – Catharsis Group.
Сусындар бойынша серіктес – Tassay.

Ақпараттық серіктестер: Tribune.kz, КТК, Бизнес Номады, Exclusive.kz, Optimism.kz, Bizmedia, Stan.kz, Marcom club, Zakon.kz, WE project, Nur.kz, Marketing.uz, Деловой Казахстан, BES.media, Kapital.kz.

Наргиза Аршидин
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 16:13
Талқылау