Жарақат алған полицейдің әйелі: “КамАЗ” жүргізушісі ауруханаға кешірім сұрап келді
Павлодарда балалар өмірін құтқару үшін “КамАЗ” көлігінің астына өзі түскен полицейдің келіншегі үш күннен бері аурухана есігін күзетіп отыр. Ол күйеуімен осы күнге дейін кездесе алмағанымен есін жиғанын естіп қуанып отыр,-деп жазды Stan.kz сайтының өңірдегі тілшісі.
«Алғаш естігенде мән берген жоқпын. Жол көлік оқиғасы деген бізге қарапайым дүние болып кеткен. Күйеуімнің жұмысы соған тікелей байланысты болғандықтан. Қайғылы жағдай туралы қасындағы жолдасы Баянбек Жүнісов хабарлап айтты. Араға уақыт салып Мұратқа қоңырау шалсам тұтқаны алмайды. Сол кезде өзіне бірдеңе болғанын түсіндім»,-дейді полиция қызметкері Мұрат Нұрсейітовтың жары Әсел Нұрсейітова .
Екі баланың анасы күйеуінің тек осы жағдайда ғана емес, өмірде өте жанашыр, кез-келген адам үшін қамқорлығын аямайтын жан екенін айтады. Ал отбасында әйелі босамай қалған жағдайда оның жұмысы мен міндетін өзі атқарып, балаларының ішер асы мен киер киімін, жылы жайын жайғастырып отырады екен.
«Отбасында әрқашан маған көмектесуге тырысады. Мен жол жүріп кетсем жұмыстан кешігіп жатсам, ол үйде болса мен уайымдамаймын. Мені күтіп отырмастан балалар отыратын жерді жылытып, тамақтарын тойдырып үй шаруасының барлығын тындырып отырады»,- дейді жарақат алған полицейдің жары Әсел Нұрсейітова.
Суреттегі Мұрат Нұрсейітов.
Жол апатында ауыр жарақат алған полицейдің жары Әсел Нұрсейітова Баянауылдағы мектептердің бірінде география пәнінен мұғалім. Мұрат Нұрсейітов екеуінің отасқанына он алты жыл болыпты. Бүгінде екі бала тәрбиелеп отыр. Олардың үлкені 11 жаста, кішісі 4 жасар екен. Күйеуінің жарақат алғанын естіген келіншек балаларын туыстарының үйіне тастап, бірден Павлодарға аттаныпты. Тіпті кішкентайларын қорқытып алмау үшін әкелерінің ауруханада жатқанын да өзі айтпапты.
Мұрат Нұрпейісовтың аяғының сан сүйегі, қолы, қабырғасы сынған. Басынан жарақат алған. Қазір орташа деңгейдегі ауыр жағдайда жатыр. Павлодарда күн райы бір қалыпқа келісімен Астанаға ұшақпен жеткізілмекші. Сол жақтағы дәрігерлер қарауында болады.
Жергілікті компаниялардың бірі ауыр жарақат алған полицейдің отбасына қаржылай көмектесіп, емделу ақысын өтеп беруге дайын екендерін айтқан.
«Қазірге күйеуімді көрген жоқпын. Дәрігерлер тек анасын ғана кіргізді. Жергілікті компания ішінде 5 млн теңге бар деп банк карточкасын тапсырды. Бірақ, әлі тексеріп те көрген жоқпын. Ақшасы маңызды емес. Бастысы күйеуім сауығып, үйге аман-сау оралса екен»,-дейді Мұрат Нұрсейітовтің жары.
Ал балалар толы автобусқа қарсы жүрген “КамАЗ” көлігінің жүргізушісі полицейден кешірім сұрау үшін ауруханаға келіпті. Қазір оған қатысты қылмыстық іс ашылып, сот алды тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқи отырыңыз:
Полицей аман алып қалған павлодарлық оқушылар шахматтан облыс чемпиондары атанды
Алматының пәк қыздары желіде бүркеншік атпен топ ашып алған
Қазақстанның бірнеше облысында республикалық маңызы бар тас жолдар жабылды
Қостанайда жоғалған әйелді күйеуі, досы мен күйеубаласы өлтіргендерін мойындады
Павлодар облысының әкімі Наурыз мейрамын сәуір айына ауыстыруды ұсынды