Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жапония Таяу Шығыстан тыс мұнай іздеп, Қазақстанға назар салып отыр

Фото: pixabay.com

Жапонияның INPEX компаниясы Қазақстан мен Әзірбайжаннан алынатын мұнайдың бір бөлігін өз елінде пайдалануды жоспарлап отыр. Мұндай қадам Таяу Шығыс елдерінен жеткізілімдердің үзілу қаупіне байланысты талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  Yomiuri басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Қазір Жапония мұнайдың 90%-дан астамын Таяу Шығыстан импорттайды. Осыған байланысты билік пен энергетикалық компаниялар жеткізілім көздерін әртараптандыруға ұмтылып жатыр. INPEX компаниясының пікірінше, Каспийдегі жобалардағы үлесі Жапонияның сыртқы мұнайға тәуелділігін төмендетуі мүмкін. 

Компания өңірдегі бірнеше ірі кен орындарын игеруге қатысады. Атап айтқанда, оның Қазақстандағы Қашаған кен орны жобасында 7,56% үлесі бар. Бұл кен орнында тәулігіне шамамен 430 мың баррель мұнай өндіріледі.


Мұнай бағасының өсуіне байланысты Қазақстанда жалақыны да көтеру қарастырылмақ


Израиль Иранның әлемдегі ең ірі газ кен орнына соққы жасады: Мұнай бағасы күрт өсті


Сонымен қатар INPEX Әзірбайжандағы ACG кен орны жобасына да қатысады. Мұнда тәулігіне шамамен 350 мың баррель мұнай өндіріледі. Бұл кен орындарынан алынатын мұнай жеңіл және орташа сорттарға жатады және Таяу Шығыс мұнайына ұқсас.

Осы уақытқа дейін мұнайдың едәуір бөлігі Еуропаға ұзақ мерзімді келісімшарттар мен спот-нарық арқылы жеткізіліп келген. Алайда жапондық мұнай өңдеу компаниялары қызығушылық танытса, жеткізілімнің бір бөлігі Жапонияға бағытталуы мүмкін. Компания бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға сеп болады деп есептейді.

Мұнайды айналма бағыттармен жеткізу

Қазақстан мен Әзірбайжан мұнайын Жапонияға айналма бағыттар арқылы жеткізу жоспарланып отыр: Сауд Арабиясының батысымен Қызыл теңіз арқылы немесе Африканы айналып өтіп, Жақсы Үміт мүйісі арқылы Жерорта теңізі бағытында.

Бұл бағыттар арқылы жеткізу мерзімі едәуір ұзарады. Қазақстаннан мұнай жеткізу 35–55 күнге дейін, ал Әзірбайжаннан 25–50 күнге дейін созылуы мүмкін. Бұл Ормуз бұғазы арқылы өтетін бағытпен салыстырғанда екі еседен астам ұзақ (әдетте шамамен 20 күн). Соған сәйкес тасымалдау шығындары да артады.

Балама жеткізілімдер

Сонымен қатар Жапония үкіметі мен мұнай компаниялары басқа өңірлерден, соның ішінде Орталық Азия мен Оңтүстік Америкадан мұнай импортын арттыру мүмкіндігін қарастырып жатыр. Ал АҚШ-тан жеткізілім көлемін ұлғайту жоспарланып отыр. Қазір АҚШ Таяу Шығыстан тыс Жапонияға мұнай жеткізетін ең ірі ел саналады. 2025 жылы жапон импорты құрылымындағы америкалық мұнайдың үлесі 3,8% болған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мұнайды жаңа бағыт Қытай арқылы экспортқа шығаратыны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Жексенбі, 29 Наурыз, 2026 19:19