Жапониялықтар 60 жастан асқан әжелерді жалға ала алады
Фото: Ru.freepik.com
Жапонияда адамдар әжені жалға алу қызметін пайдаланады. 60 жастан асқан әйелдер оларға күнделікті үй шарусына көмектеседі, эмоциялық қолдау көрсетеді және басқа да әлеуметтік міндеттерді орындауға жәрдемдеседі. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Soranews24 басылымы сілтеме жасаған Жапонияның статистика бюросы ұсынған мәліметте елде 65 жастан асқан шамамен 9 миллион 300 мың адам жұмыс істейді деп көрсетілген. Яғни, әрбір төртінші қарт зейнетке шыққаннан кейін де еңбек нарығында белсенділігін сақтап келеді.
Осы үрдістің аясында “OK Obaachan” жобасы пайда болды. Бұл қызмет арқылы зейнет жасындағы әйелдерді жалдауға болады. Клиенттер сағатына 3 300 иен (шамамен 11 616 теңге) және жолақысына қосымша ақы төлеп, “әженің” көмегіне жүгіне алады. Олар тұрмыстық шаруалардан бастап, өмірлік күрделі жағдайларға дейін түрлі мәселелерді шешуге көмектеседі.
Жобаға жасы 60 пен 94 аралығындағы 100-ден астам әйел қатысады. Олардың әрқайсысының аспаздық, қарым-қатынас, тарих, бала күтімі және тіпті хатты қолмен жазу сияқты салаларда мол тәжірибесі бар.
Мысалы, әжені дәстүрлі тағамдарды үйрету үшін, отбасылық жанжал кезінде ақыл айтып, сабырға шақыру үшін немесе қиын әңгімелер кезінде жаныңда болу үшін шақыруға болады. Тапсырыстардың ішінде ата-анасына өзінің гомосексуал екенін айту кезінде бірге болуға, қарым-қатынасты үзу сәтінде жанында отыруға, тіпті жапон қоғамындағы өзгерістерге байланысты журналистік материалдар әзірлеуге көмектесуді өтінгендер бар.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
