Жанна Абуова “Меломен” тобының өлеңдерін жаңа жобасына табыстады
Продюсер Жанна Абуова “Меломен” тобына бұрынғы әндерін орындауға не себепті тыйым салғанын түсіндірді.
Фото: gakku.kz
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Продюсердің сөзіне сенсек, аталған топ мүшелері келісім-шартты мерзімінен бұрын бұзып қана қоймай, берген уәделерінде тұрмаған.
“Кез келген нәрсенің екі жағы болады. Продюсер мен артистің барлық жұмысы бірігіп атқарылады. Бұл бірінші кезекте Алланың қалауымен жүзеге асады. Продюсер өзінің жобасына қаржыдан бөлек, артистерге лайық ән таңдау, топқа жарнама жасау, олардың атын шығарып, концерт пен гастрөлдік сапар ұйымдастыруда жан-тәнімен беріледі. Ал артистер продюсер әзірлеп берген бағыт бойынша жылжиды. Бұл кез келген іске екі жақтың да бірдей еңбегі сіңетінін дәлелдейді. Мұндай жағдайда тек “Меломен” тобының ғана емес, продюсер ретінде менің де еңбегім бағалануы тиіс”, – дейді Жанна Абуова.
Абуованың айтуынша, жігіттер келісім шартты мерзімінен бұрын бұзып, ары қарай басқа жетекшінің көмегіне жүгінбестен, өздері жұмыс істей беретінін айтқан. Ал продюсер өз кезегінде оларға еш кедергі жасамаған. Десе де, жігіттердің өздеріне жаңа продюсер тағайындауы Абуованың шамына тисе керек.
“Жігіттермен арамызда ешқандай да кикілжің туған жоқ. Қысқасы, жігіттер өз қалауларына өздері қарсы келді. Десе де, мен олардың жетістіктері үшін қуаныштымын. Енді менің жаңа жобам “Назар” тобына келейік. Бұлар “Меломен” тобының өлеңдерін қайталап айтатын болады, өйткені өлеңдердің иесі менмін. Себебі қарапайым. Олардың жаңа тректерінен бөлек, репертуарларында менің “Меломен” тобының орындауындағы сүйікті әндерім болады”, – деп енді топқа тиесілі барлық өлеңді жаңа жобасынан табыстайтынын айтты.
Естеріңізге сала кетсек, Жанна Абуованың “Меломенге” бұрынғы әндерін орындауға тыйым салғаны туралы хабарлағанбыз.