Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жәнібек тыйым салынған ешқандай зат қолданған жоқ” — Әлімханұлының командасы маңызды мәлімдеме жасады

допингФото:Stan.kz collage

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының допингке тапсырған "В" сынамасынан да тыйым салынған заттың анықталғаны белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыған байланысты спортшының менеджері Берік Сұлтан аталған даулы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Оның айтуынша, Жәнібек Әлімханұлы тыйым салынған ешқандай зат қолданбаған. Дегенмен, соңғы шешімді күту қажет екенін атап өтті.

    "В сынамасынан да сол зат шыққан екен. Өкінішті, әрине. Бірақ басқаша болуының ықтималдығы төмен еді. Қазір бұл іспен мамандар айналысып жатыр. Заттың ағзаға қайдан және қалай түсуі мүмкін деген сұрақтар қарастырылуда. Өйткені Жәнібек ондай тыйым салынған затты қолданған жоқ. Сабыр сақтап, шешімді күтейік", – деді Берік Сұлтан.

Сондай-ақ менеджер бұл мәселе бойынша білікті мамандар жұмыс істеп жатқанын және спортшыны мүмкіндігінше аз мерзімге шеттету бағытында әрекеттер жасалып жатқанын айтты.

    "Жәнібек таза спортшы. Ол ешқашан тыйым салынған зат қолданбайды. Қазір допинг ісімен мамандар, промоутер, менеджерлер мен заңгерлер айналысып жатыр. Жәнібек те, мен де бұл кезеңде ештеңе істей алмаймыз, тек күтуіміз керек. Барынша қысқа мерзімге шеттетілу үшін жұмыс жүргізілуде. Қайғырып отыра бергеннен пайда жоқ. Мұның бәрінен де өтеміз", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, 6 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлы жоспар бойынша WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шығуға тиіс болған. Алайда VADA жүргізген допинг-сынамада мельдоний анықталғандықтан, кездесу өтпей қалды.
Осы жағдайдан кейін Premier Boxing Champions ұйымы Жәнібектің орнына жаңа қарсылас бекітілгенін мәлімдеді. Нәтижесінде Эрисланди Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен жұдырықтасып, WBA чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.


Жәнібек Әлімханұлының екінші сынамасынан да допинг анықталды


Осыдан кейін Жәнібек Әлімханұлының командасы тыйым салынған зат қолданбағанын айтып, қайтадан “В” сынамасын тапсырып, ашуылуын талап еткен еді. Ал күні кеше боксшының “В” сынамасынан да допинг анықталды.

Ақерке Өмірхан
Сәрсенбі, 21 Қаңтар, 2026 15:56