Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жәндіктер мен лас төсек": Павлодарлық тұрғын балалар ауруханасының жағдайына шағымданды

Әлеуметтік желіде тұрғын Павлодар облыстық балалар ауруханасындағы палаталардың жағдайына шағымданып видео жариялады. Мұнда әйел аурухана төсектерінің тозғанын, көрпелерінің ескіріп, кір басқанын, ал сол төсекте өлген жәндіктердің болғанын алға тартты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабаралайды. 

Әйел видеода аурухана жағдайын көріп шошығанын айтады.

"Төсегімде өлі қырықаяқ жатты, мен ол жерде ұйықтамаймын. Жиһаздың бәрі өте ескі. Мына матрацтардың жағдайы масқара. Кірлеп, “әбден ескірген. Мына төсектен құлап кетуге болады. Линолеум жыртық, оның тесіктерін жабу үшін үстіне жұқа өзге линолеум төсеп қойған. Мына палаталарда кішкентай балаларымен жатқан аналарға обал", – деді павлодарлық әйел видеода.

Әйел бұл ауруханаға баласымен алғаш рет келмеген. Бүл жолы үнсіз қалмай мәселені айтуды жөн көрген екен. 

"Жұқпалы аурулар ауруханасында матрастың астында өлген жәндіктер жиналған. Қырықаяқты көргеннен кейін мен бұл жерде түні бойы ұйықтай алмай шықтым. Келесі күні емді толық алмастан кетуге ұйғардым. Себебі мұндай жерде жату мүмкін емес", –  деп қосты әйел.

Тұрғын сонымен қатар науқастардың үйлерінен дәретхана қағазы мен қағаз сүлгілерін әкелуге мәжбүр болатынын алға тартты. Ол мұның көптеген аналар үшін шығын болатынын әрі қиын екенін қоса кетті.

Әлеуметтік желіде жарияланғаннан кейін Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы облыстық балалар ауруханасының санитарлық жағдайын тексеру үшін комиссия құрды. Кішкентай науқастардың ата-аналарымен әңгімелесуде медициналық көмектің сапасына, тамақтандыруға, палаталардың тазалығына шағымдар болған жоқ.

"Бұл ретте аурухананың материалдық-техникалық жарақтандырылуына қатысты сұрақтар туындауда. Науқастар матрацтарды, төсек-орын жиынтықтарын және кереуеттерді жаңарту қажеттігін айтты. Матрацтардың сыртқы түріне қатысты фактілер болды", - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан.

Олар сондай-ақ әрбір науқасты шығарғаннан кейін матрацтарға дезинфекция жасалады деп сендірді.

"Матрацтарды дезинфекциялау кезінде бу мен жоғары температура әсерінен олар тығыздалып, көлемі мен қалыңдығы азаяды. Бұл мәселені шешу үшін ауруханада клеенкамен матрацтар сатып алынды. Алайда бұл пациенттерге ұйықтауға ыңғайсыз болды", - деді аурухана. 

Медициналық мекеменің мәліметінше, мұнда жыл сайын жұмсақ инвентарь жаңартылады. Соңғы маңызды жаңарту үш жыл бұрын болған екен. Одан кейін шамамен 6 миллион теңгеге матрацтар, төсек-орын, көрпе-орамал сатып алынған. 

"Материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайту бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жұмсақ және қатты құрал-жабдықтарды алу және ауыстыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады”, - деп түсіндірді ведомствода.

Сондай-ақ, мұнда аурухана ғимараттарын қайта жөндеу және облыстық балалар ауруханасының үшінші корпусын салу үшін құжаттама әзірленіп жатқаны айтылды.

Талқылау