Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жанболат: Жазира келінімізді құтыртып жіберетін шығар

Өнер мен өмірде қос аққудай қатар жүзген Жанболат пен Жазира балаларының шетелдік қызға үйленіп кететінінен қорқатындарын айтты. Мұнымен қатар, бала санына қатысты көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді.

image

Фото: instagram.com/zhanbolatzhazira/

Бұл туралы “Жансырым” бағдарламасында айтылды.

Қазақ эстрадасында жұбы жазылмай жүрген әншілер баршылық. Өзгелерге қарағанда өмір мен өнерде қол ұстасып жүрген мұндай жандардың тағдыры көрермен үшін ерекше қызық. Ал екі түрлі тұлғаның бірігіп, ортақ үйлесім табуы, миллиондаған халықтың жүрегін жаулай білуі үлкен еңбек пен ізденісті талап етеді. Дәл осылай өздерін қажырлы еңбегімен танытқан Жанболат пен Жазира бүгінде үлгілі отбасыға айналған. Олардың 19 жастағы Қазбек есімді ұлдары бар.

Қос әнші балаларының бір үйдің тізгінін ұстап, шаңырақтың отағасы атануға дайын екенін жасырмайды. Тіпті шетелдік бойжеткенге үйленіп кетуі мүмкін деп Бразилияға оқуға жібермей қойған екен.

“Баламыз өнерге жақын десек те болады. Ән айтады, есту қабілеті де жақсы. Ағаларымен күнде футбол ойнап, теледидардан түрлі ойын тамашалайды. Мектеп бітіретін кезі келді. Біз көп ойланып, өзімізге заңгер керек екенін түсіндік. Қазір неше түрлі авторлық қоғам бар ғой. Оған “Бізге заңгер керек, сен қалай қарайсың?” деп едім, келісе кетті”, – деп Жанболат баласының болашақ мамандығын өздері таңдап бергенін айтты.

Ал анасы Жазира Байырбекова баласы қандай келін әкелсе де, таңдауын құп көретінін айтады. Бірақ басқа ұлттың қызына үйленіп кетуінен қорқады. Тіпті, осы қорқынышы шындыққа айналар деп баласын шетелге оқуға жібермей қойған.

“Қазбек Бразилияға оқуға барғысы келген кезде мен бармайтынын ашып айттым. Әкесі жіберсе де, мен оған рұқсат бермеймін. Кейін үйленіп, балалы болған соң барып келуіне болады. Әйтпесе мен ол жақтан қандай қызбен келетінінен қорқамын. Махаббат деген қиын нәрсе. Ертең біз білмейтін елдің қызын әкелсе, мен оған тосқауыл бола алмаймын ғой. Ұлымды жақсы көремін. Оның тек бақытты болғанын қалаймын”, – дейді Жазира.

Ұлдары ата-анасының өзін шетелге жібермейтінін түсінген-ді. Қазір бұл туралы сөз қозғамайды екен.

11378278_1575025169439367_368289160_n

Жанболат журналистің “Жазира қандай ене болады?” деген сұрағына жұбайының тым жұмсақ екенін айтып өтті.  “Баламыз үйленсе, Жазираға құрбыдай болып, өзімен бірге дүкен аралап жүретін шығар.  Өзі де “Келінім өзім сияқты болса екен, бірге салонға барып, бірге киім қараймыз” деп айтып отырады. Баламызға бізді сыйлайтын, жақсы келін болсын деп жиі айтамыз”, – дейді Жанболат.

Байырбекова әзірдің өзінде тондары мен тәуір киімдерін келініне сақтап қоюға тырысады екен. Алайда қолы ашық болған соң киімдерін туысқандары мен достарына сыйға тартып, артынша өкінетін көрінеді.

“Ылғи айналама сыйлық жасап, киімдерімді таратып тұрамын. Бұдан кейін жинауым керек, сақтауым керек деп армандап қоямын. Кейін мұның бәрін келініме табыстаймын десем, Жанболат “Сен әбден жоқ келінімізді еркелетіп жатырсың. Кейін келінімізді құтыртып жіберетін шығарсың?! Тіпті басыңа шығаруың да ғажап емес қой” деп айтады. Жанболат үйде маған да, ұлымызға да қаталдау. Бірақ үшеуіміз үш жақтан жібітіп алатын шығармыз”, – дейді Жазира Байырбекова.

Отасқандарына 20 жыл толып, бүгінде бір ұл тәрбиелеп отырған ғашықтарға тыңдармандар тарапынан жиі қойылатын бір сұрақ бар. Ол бала санына байланысты. Алайда Жанболат пен Жазира бұл сұрақты көп естісе де, жауап беруден жалықпайтынын айтады.

“Көбісі неге сіздерде бір-ақ ұл” деп айтады. Екінші бір бізге жанашыр тарап “Неге олай жазасыздар? Жанына тиеді деп ойламайсыздар ма?” деп бізді қорғаштайды. Десе де мұндай сұрақтар біздің көңілімізге тимейтінін айтқым келеді. Қойғыларыңыз келсе, қоя беріңіздер. Біз өз кезегімізде жауап беруден жалықпаймыз. Біз әлі жаспыз. Алла бұйыртып беріп жатса, сәбиіміз тағы да болады. Біз баладан бас тартып отырған жоқпыз. Егер баладан бас тартып, ол сұрақ қайта-қайта қойыла берсе, біздің жынымызға тиер еді. Барлығы жаратқанның еншісінде. Осы сұрақтың жауабын осылай ашып айтқаным дұрыс болар”, – деп әнші әлі де көп балалы отбасы атануға үміттенетіндіктерін жеткізді.

Бүгінде Жазира Байырбекова “Жанжази” атты сұлулық салонын ашып, жеке кәсіппен айналысуды қолға алған.


Оқи отырыңыз:

Жазира: Жанболат әдемі қыздар көрсе кетіп қалады

Әнші Жазира Байырбекова азық-түлікті “Алтын Орда” базарынан алатынын айтты

Сұлулығын қолдан жасап алған қазақстандық танымал адамдар

Қазақ эстрадасындағы тоқалдар жыры мен бәйбішелер мұңы

Талқылау