Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Имамдар жаназа оқу үшін 100 мың теңге сұрайды": Жамбылдық айтыскер ақынның желідегі жазбасы резонанс туғызды

жаназаФото: Қарағанды облысының әкімдігі

Жамбыл облысы Сарысу ауданы мен Жуалы ауданындағы жаназа оқу құнына қатысты жағдай көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Айтыскер Алик Бекмұсаев Facebook парақшасында жаназа оқу үшін имамдар 100 мың теңге сұралатынын жазып, бұл ақпаратты ел назарына ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл жазба халық арасында үлкен резонанс туғызып, көпшілікті "Егер ондай ақшамыз болмаса, жақынымыздың жаназасын кім шығарып береді?" деген сұрақтар толғандыра бастады.

“Біздің Сарысу ауданында жаназа 100 мың теңге деп “ставка” белгіленіпті. Керең болғыр құлақ мұндай сұмдықтыда Естіді-ау… (Жоғарыдан келген бұйрық дейді). Жоғарыда естір құлақ болса шықсын бері…”, – деп айтыскер ашуланған.

Мәселе бойынша Жамбыл облысының бас имамы, діни басқарманың өңірдегі өкілі Асқар Сатылғанов түсініктеме беріп, жаназа немесе басқа да діни рәсімдерге ақы талап ету шариғатқа да, адамгершілік қағидаттарына да қайшы екенін айтты.

Асқар Сатылғановтың сөзінше, мұндай талап мүфтият тарапынан да, облыстық мешіт тарапынан да қойылмаған.

“Жаназа үшін ақы сұраған адам ресми имам болмауы да мүмкін. Сондықтан діни рәсімдерді мешітке ресми түрде бекітілген имамдардың өткізуі жөн – сонда түсініспеушілік те болмайды", – деп түсіндірді ол.

Әуелде мәселе Сарысу ауданында көтеріліп, тұрғындар түсініктеме алған соң біршама сабырға келгендей болған. Алайда арада көп уақыт өтпей, дәл осындай жағдай Жуалы ауданынан да белгілі болды.


"100 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін қаржы кетеді": Қазақстандықтар жаназа рәсіміне аста-төк дастархан жайып, шығындалатындарды сынады


"300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады”: Қазақстандықтар өлімнен кәсіп істеп отырғандардың әрекетіне наразы


Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде жаназа шығарылып жатқанда ақша шашқандар сынға ұшыраған еді. Желі қолданушылары марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда ақша шашып, оны жанталаса жинау дұрыс емес деп санаған. Имамдар да бұл оймен келіскен.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 01 Шілде, 2025 19:21
Талқылау