Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңатаста қаза тапқан бес баланың туыстары бүкіл елге үндеу жасады

Жамбыл облысында түтінге тұншығып қаза тапқан бес баланың туыстары жараның бетін тырнай бермеуді өтінеді. Қайғы жұтқан отбасы бүкіл елге үндеу тастады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.

"Ешкімге кінә тақпаймыз, болар іс болды, оған көндігуден басқа амалымыз жоқ" деген олар, бұдан былай бұл мәселені қозғамауды сұрайды. Өйткені айтылған сайын бес перзенттің ата-анасына ол ауыр соққы.

Болған жағдай ел тұрғындарының қабырғасын қайыстырғаны жасырын емес. Үш күннен бері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жер-жерден көңіл айтылып жатыр. Бірақ оқыс оқиғаға анасын, қала берді әкімдікті айыптаудан мезі болдық, дейді қаза тапқан балалардың туыстары. Тіпті, кейбірі жалған мәлімет таратуға кіріскен деп күйінеді. Сондықтан ақпаратты бұрмалаушыларға үндеу тастады.

"Әлеуметтік желідегі анау-мынау деп, сан-саққа жүгіртіп, құйтұрқы іс жасап жатқандарға да айтарым: Тоқтатыңдар, осымен қоя қойыңдар. Біз соның бәрін естіген сайын жүрегіміз сыздап жатыр. Бізге берген көмектеріңіз сол болсын", - деді марқұм балалардың туысы Саидмұхаммед Әбдумәліков.

Саидмұхаммед Әбдумәліков бұл отбасының бірінші әрі соңғы мәлімдемесі болса деген үмітте. Бұдан былай ешкім мазаламағанын, жағдайға түсінікпен қарағанын қалайды. Сондай-ақ ол өрттің неден шыққанын айтып берді.

"Өрттің болғаны – балалар ойнап сіріңкемен от жаққан. Содан болып тұр ғой. Басқа – электр тоқ, газ, буржуйка деп, біреулер шығып жатыр. Оның бәрі өтірік", - деді марқұм балалардың туысы.

Қайғылы жағдай болған үйдің ауласы лентамен қоршалып, далада полицейлер күзетіп тұр. Өйткені пәтердегі өрттің неден шыққанын анықтау үшін  іште тергеушілер үзіліссіз жұмыс істеп жатыр. Тек осы подьездің тұрғындарына ғана үйіне кіруге рұқсат.



Ал белгілі болғаны, оқыс оқиға болған баспанаға бес баласынан айырылған отбасы оралмайды. Себебі, ол жерде тұру қайғыдан қан жұтқан жандарға ауыр соғатынын ескерген туыстары,  ерлі-зайыптыны жаңа үйге қоныстандыруды ұйғарыпты.

Қаралы отбасы: "Бізге моральдық, психологиялық көмек болмаса, қаржылай қолдау қажет емес",- дейді. Дегенмен жылу жинауға ниет білдірген көпшілікке алғысын білдірді. Дегенмен өздерінің де ерлі-зайыптыға баспана әперуге мүмкіндігі бар екен. Бірақ сонда да жас отбасыға демеушілер көмегімен пәтер берілетін болыпты.

"Өңірдегі мемлекеттік қызметкерлер бір күндік жалақысын жолдайтын болды. Ата-анасына демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтер берілді. Сарысу ауданының кәсіпкерлері баспанаға қажет жиһаз бен техниканы алып берді. Түрлі мемлекеттік емес қорлардан 3 млн теңгеден астам қаржы жиналып, материалдық көмек көрсетілді", - деді Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Сайлаубекұлы.

Үш күн бұрын Жаңатастағы көп қабатты үйдің бірінде өрт болып,  үлкені 6 жаста, кенжесі 7 айлық бес бала түтінге тұншығып көз жұмған. Әкесі жұмыста, анасы дүкенге шығып кеткенде балалар үйде қалған.

Полицейлердің алғашқы болжамы – от сіріңкеден тұтанған. Қазір өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау бабы бойынша іс жүргізіліп жатыр. Сенбі күні марқұмдар жер қойнына тапсырылды. Ал бес перзентінен бірдей айырылған ерлі-зайыпты Үшарал ауылындағы туыстарының үйінде. Олар психологтардың жіті бақылауында.

Талқылау