Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзенде үш аптаға созылған ереуіл тоқтап, жұмысшылар қызмет орнына оралды

"Өзенмұнайгаз" АҚ бұрғылау жұмыстарын басқару бөлімінің қызметкерлері үш апталық ереуілді аяқтап, жұмыс орындарына оралды. Шешім кәсіподақ пен жұмыс берушінің өкілдерімен өткен келіссөздерден кейін қабылданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Azattyq

5 желтоқсанда түсте жұмысшылардың бірі Ғазиз Махамбетов бірнеше қызметкер Астанаға баратынын айтты.

"Бүгін таңертең жұмысшылардың бәрі жұмысқа шықты. Жұмысшыларды қудаламау және олардың жалақысын 100 пайыз беру туралы келісім жасалған. Жұмысшылар арасынан төрт-бес адам ереуілде айтылған талаптарды ҚМГ-ға жеткізу үшін Астанаға бармақ", – деді Ғазиз Махамбетов.

Ғазиз Махамбетовтың айтуынша, жұмысшыларға "талаптарыңды Астанаға апарып жеткізіңдер" деп шақырған. "Кім шақырды?" деген сұраққа БЖМ өкілі "Астанадан ба, басқа жақтан ба, білмеймін, нақты айта алмаймын" деген екен.

Бейсенбі күні "ҚазМұнайГаз" компаниясы да "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшыларының толық жұмысқа шығып, ереуіл тоқтағанын хабарлаған. ҚазМұнайГаздың мәліметінше, "Бұрғылау жұмыстары басқармасының" кәсіподақ өкілдері кезекті келіссөз жүргізген.

"Талқылау мен түсіндіруді қажет ететін мәселелер бітім комиссиясының отырысында заңнамаға сәйкес және құқықтық шеңберде қаралады", – делінген мекеме хабарламасында.

Жаңаөзенде 12 қарашада "Өзенмұнайгазға" қарасты "Бұрғылау жұмыстары басқармасы" жұмысшылары ереуілге шыққан. Олар жұмыс берушіден "Өзенмұнайгаздан" зейнетке шыққан және өндіріс салдарынан денсаулығынан айырылған мұнайшылар баласын жұмысқа орналастыруды, 55-58 жастағы жұмысқа жарамсыз болып қалғандар өз еркімен жұмыстан кеткен жағдайда 300 айлық есептік көрсеткіш (АЕК, 1 107 000 теңге – 2214 доллар) өтемақы төлеуді талап етеді.



Еске салайық, бұған дейін ереуілге шыққан "Өзенмұнайгаз" қызметкерлері зейнеткерлердің балалары мен денсаулығынан айырылғандардың балаларын жұмысқа алуды, Жаңаөзендегі жұмыссыздықты шешуді және 2013 жылғы ұжымдық келісімдегі тәуелсіз еңбекақы жүйесіне қайта оралу мен жүргізушілер мен операторлардың мәртебесін көтеруді талап етті. Кейін желіде "Өзенмұнайгаз" басшысы ереуілге шыққан жұмысшыны ұрып-соғатынын айтып, қорқытқан видеосы тарады.

Талқылау