Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзенде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталығының техникалық ашылуы өтті

29 қаңтар күні Жаңаөзен қаласында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қатысуымен ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған заманауи үлгіжегі "Айнала" оңалту орталығының техникалық ашылуы өтті. Салтанатты шара барысында орталықтың материалдық-техникалық мүмкіндіктері таныстырылды.

Аталған жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырыстарында ерекше қажеттілігі бар балаларға кешенді қолдау көрсету жөнінде берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылды.

Орталық Маңғыстау облысы әкімдігінің бастамасымен, "Самұрық-Қазына" АҚ, "Baquatty aimaq qory" қорының қолдауымен ашылды.

Орталықта тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары, ДЦП, Даун синдромы, аутизм спектрінің бұзылыстары және өзге де диагноздары бар 3-18 жас аралығындағы балалар кешенді оңалту қызметтерін ала алады.

Мұнда АВА-терапия кабинеттері, механотерапия залдары, сенсорлық интеграция кеңістіктері, сондай-ақ балалардың күнделікті өмір дағдыларын қалыптастыруға бағытталған еңбек және арт-терапия шеберханалары қарастырылған.

Орталық жылына 840 балаға дейін қабылдай алады. Мұнда педиатрлар, невропатологтар, реабилитологтар, дефектологтар, логопедтер және өзге де 56-қа жуық маман қызмет көрсетеді. Орталық балаларды наурыз айынан бастап қабылдайды.

Статистикалық деректерге сәйкес, бүгінде облыс бойынша ерекше күтімді қажет ететін 8 113 бала бар. Оның 1 500 Жаңаөзен қаласында тіркелген.

Бұған дейін мемлекеттік оңалту орталығының болмауына байланысты ата-аналар балаларын Ақтау қаласына апаруға мәжбүр болған. Жаңа орталықтың ашылуы бұл мәселені айтарлықтай жеңілдетіп, қажетті қызметтерді жергілікті жерде алуға мүмкіндік беріп отыр.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 29 Қаңтар, 2026 14:40