Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңаөзенде бұрғылау компаниясының қызметкерлері жұмысты тоқтатып, ереуілге шықты

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласындағы "Бұрғылау жұмыстарын басқару" кәсіпорнының жұмысшылары ереуілге шығып, өндіріс жұмысын тоқтатты. Компания "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорны "Өзенмұнайгаз" компаниясына қызмет көрсетеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Азаттық радиосына” сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: Видеодан скрин

Ереуілге шыққан қызметкерлер "Өзенмұнайгаздағы" зейнеткерлердің балалары мен жұмыста денсаулығынан айырылған қызметкерлердің балаларын жұмысқа қабылдауды, Жаңаөзендегі жұмыссыздық мәселесін шешуді, 2013 жылға дейін ұжымдық келісімде көрсетілген тәуелсіз еңбекақы жүйесіне және жүргізушілер мен операторлардың мәртебесін көтеру, оның ішінде ұжымдық шартта 30 пайыздық үстемеақыны есептеу тәртібіне оралуды талап етіп отыр. 

“Егер тәуелсіз еңбекақы жүйесіне көшсек, жалақымыз көтеріледі. Біздің жалақымыздан табыс салығы және басқа да салықтар ұсталады. Ал басқа жүйеге көшсек, ақша ұсталмайды және түсінгенімше, салық зейнетақы жүйесіне түсіп отырады”, – дейді ереуілге шыққандардың бірі Ғазиз Махамбетов.

Ғазиз Махамбетов ереуілшілерге дүйсенбі күні "Өзенмұнайгаздың" бас директоры, кадр бөлімінің бастығы және бас экономист келгенін айтты. Олар жұмысшылардың бұл талаптары заңсыз екенін жеткізіпті. 

Жұмысшылардың талап етіп жүргеніне 7 ай уақыт болған. Алайда олардың жанайқайы ескерусіз қалған. Олардың айтуынша, 13 қараша күні "Өзенмұнайгазбен" жұмыс істейтін тағы үш кәсіпорынның жұмысшылары ереуілшілерді қолдап, ауысымға шықпай қойған.

Қазір "Өзенмұнайгаз" АҚ басшылығы Жаңаөзендегі бұрғылау компаниясының ереуілге шыққан жұмысшыларымен келіссөз жүргізіп жатыр. Компания жұмысшылар қойған талаптардың әр тармағы қарастырылып жатқанын мәлімдеді.

“Жұмысшылардың талаптарының әрбір тармағы мұқият қаралып жатыр. Барлығы заң шеңберінде және заңнамалық деңгейде, сондай-ақ Еңбек кодексі аясында шешілуі керек", – делінген компания хабарламасында.

Компания келіссөздерден кейін "қажет болған жағдайда қосымша ақпарат берілетінін” мәлімдеді.

 

Талқылау