Жаңаөзенде үйі өртеніп, баспанасыз қалған жалғызбасты ана көпшіліктен көмек сұрады
Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында төрт бала асырап отырған жалғызбасты ананың үйі өртеніп, баспанасыз қалды. Қызыл жалын салдарынан дүние-мүлік пен киім-кешектерінен айырылып, үйсіз қалған ана көпшіліктен қаржылай көмек сұрайды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.
Оқыс оқиға түнгі екілер шамасында болған. Абырой болғанда, анасы мен балалары дін аман. Үй иесі Тамара Ходжаназарова түн бір уағында түтіннің иісінен шошып оянған екен. Түтіннен тұншығып бара жатқанын сезген ана ес жиып, жылдам әрекет еткен. Ол түн ортасында тұтанған өрттен балаларын сыртқа шығарып, көршілерді көмекке шақырған.
«Түнде біреу есікті тарсылдап жатқан соң, жүгіріп барып есік аштық. Қарасақ көршіміз Тамара төрт баласын сүйреп, жалаңаяқ көмек сұрап шырылдауда. Бірден өрт сөндірушілерге телефон шалып, бәріміз сол үйге жүгіре жөнелдік. Алайда, қызыл жалыннан біраз дүниесі жанып кетті», – дейді оқиға куәгері, Тамараның көршісі Күміс Тәжіқұлова.
Өрт сөндірушілер қызыл жалынның шарпуына электр жүйелерінің қысқаша тұйықталуы себеп болған дейді. Ал тілсіз жаудан зардап шеккен отбасының отағасы осыдан 2 жыл бұрын көз жұмған екен. Қазірде 2 ұл 2 қыз тәрбиелеп отырған Тамара көпшіліктің көмегіне зәру. Балалары да әлі кішкентай болғандықтан, жалғызбасты ана отбасын өзі асырап отыр. Баспанасыз қалған Тамараның алар айлығы да көңіл көншітерлік емес. Сол себептен төрт баласымен бірге тұрған баспанасын қалыпқа келтіру үшін халықтан көмек сұрайды.
«Шамаларыңыз келгенше, қаржылай көмек көрсетсеңіздер деймін. Ағайын-туысымыз күнделікті тамақ, ыдыс-аяқ әкеліп жәрдемдесуде», – дейді жалғызбасты ана.
Бүгінде өрт шыққан үйге Рахат ауылының әкімдігінің қолдауымен баспанадағы қалдықтар сыртқа шығарылып жатыр. Алайда, бір адамның айлығына әрең күн көріп жүрген отбасы үшін бұл көмек аздық етеді. Со себептен жалғызбасты ана көпшіліктен көмек сұрайды.
Жіберіп алмаңыз:
Астана әкімі қаланың су тасқынға дайындығын тексерді
Іздеуде болған ресейлік қылмыскер Көкшетаудағы қаңғыбастардың арасынан ұсталды
3 жыл бұрын жоғалып кеткен Қарағанды тұрғыны Алматыдан табылды
Министрлік өлген малдың еті сатылып жатқаны туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді