Жаңа жылдан бастап қазақ жері жаппай 49 жылға дейін жалға берілуі мүмкін
Жаңа жылдан бастап жер жаппай 49 жылға дейін жалға беріле бастауы мүмкін. Тегін телімге ие болу үшін бизнес жоспарыңыз бен кәсіп жүргізетін техникаңыз болса жеткілікті.
Бүгін депутаттар бірқатар өзгерістер енгізілген Жер қатынастары туралы заң жобасын мақұлдап жіберді. Алайда, қабылданған заң жобасында шетелдіктерге жерді жалға алуға тыйым салынбаған. Мораторий аяқталса, өзге ел азаматтарының құқығы қазақстандықтармен бірдей болуы ғажап емес, деп хабарлайды 31 арна.
Қазақстанның ұшса құс қанаты талып әрең жететін кең байтақ жерін шенділер тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет түгендей бастағандай. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төменгі палатаға заңға енгізілген нормаларды түсіндіріп, бұдан былай жер оңды-солды таратылмайтынын түсіндіріп берді. Сонымен, ауыл шаруашылығына жарамды бос жатқан 100 миллион гектар жер енді тек шектеулі түрде жалға беріледі. Егін егіп, мал өсірем деген шаруаларға телімді Үкімет тегін ұсынып отыр, тек жер салығын төлесе жеткілікті.
“49 жылға дейін жалға беріледі. Ол үшін ең бірінші бизнес жоспары талап етілетін болады. Айталық есеп қисабым мынадай”, – дейді ҚР премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі ҚР премьер-министрінің орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Яғни, бизнес жоспары бар кез-келген шаруа шетелдік азаматпен некеде болса да, жерді жалға алуға құқылы. Депутаттар бұдан қауіптенуге негіз жоқ дейді.
“Сіздің өзіңіз Қазақстанның азаматы болсаңыз, сізге алуға мүмкіндігіңіз бар. Отбасын құрғаннан кейін, әрине. Бірақ, жер, мүлік әр адамның жеке құқығына байланысты ғой. Ол шетелдікке тұрмысқа шықты ма, шықпады ма, Қазақстанның азаматы болғандықтан ол өзі жауап береді”, – дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен.
Ал, мораторий біткеннен кейін тіпті шетел азаматтарының да жерді 49 жылға жалға алуға мүмкіндігі болуы ғажап емес. Өйткені, заң жобасында тыйым тек шекара аумағындағы телімдерге ғана салынған. Мәжілісмен Азат Перуашев жерге тек Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан сынды Қазақстанмен шекаралас елдердің азаматтары мен компанияларын ғана жолатпау керек. Ал өзге елдердің азаматтарынан қауіптенуге негіз жоқ деген ұстанымда.
“Егер ол дамыған, таза, бізден жақсы жерді пайдаланып тұрса. Мысалы, Голландия, Германияның компаниялары келсе, жаңа агротехнология әкелсе, инвестиция құйса. Біз неліктен олардан бас тартуымыз керек? Меніңше, керісінше біз оларды шақыруымыз керек, үйретсін”, – дейді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Азат Перуашев.
Айтпақшы Үкімет латифундистерге мүлдем тиіспейміз деп отыр. Асқар Мырзахметов мыңдаған гектар жерді жалғыз өзі иемденіп алғандарды тексереміз деп құтылды. Бірақ, алдағы уақытта жер бір адамның қолында кетпеуі үшін, жалға беруге шектеу енгізілген. Ал кімге қанша телім берілетінін әкімдер шешеді.
Тағы да оқыңыз:
Алматыда Фурманов көшесінің атауы Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып өзгерді
Шымкентте эротикалық видеомен танылған шенеунік діни мекемедегі қызметіне қайта келді