Жаңа Салық кодексінің енгізілуімен Қазақстанда тұрғын үй бағасы өсе ме – Үкімет басшысы жауап берді
Фото: freepik.com
Премьер-министр Олжас Бектенов үкіметте өткен брифингте жаңа Салық кодексінің жылжымайтын мүлік нарығына тигізетін әсеріне тоқталып өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет басшысы жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін жылжымайтын мүлік нарығында күрделі мәселелер болжанбайтынын айтты. Оның айтуынша, мемлекет тұрғын үй құрылысының қарқынын белсенді түрде арттыруды жалғастырып жатыр, бұл бағаның өсуін тежеуге көмектеседі.
"Мен тұрғын үй нарығында ешқандай күрделі проблемалар күтпеймін. Бұл нарық – сұраныс пен ұсыныс мәселесі. Ұсыныс болмаса, баспана салмасақ, әрине, баға өсетін еді. Бірақ біз тұрғын үйлер салып жатырмыз: өткен жылы 18,9 миллион шаршы метрді тапсырдық – мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған. Биыл біз 19 миллион шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсырамыз, бұл – айтарлықтай қарқын", – деді премьер-министр.
Құрылыс саласына салық салудағы өзгерістерге тоқталған премьер-министр реформалар талдауға негізделгенін атап өтті.
"Біз құрылыс салушылар тарапынан баға белгілеу кезінде олардың ҚҚС бойынша жеңілдіктерді пайдаланып отырғаны ескерілмейтінін байқадық, яғни олар артық пайда тапқан. Сондықтан келер жылы Салық кодексінің нормаларын енгізуге байланысты тұрғын үй бағасы күрт өсуі болмайды", – деді Бектенов.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, үкімет нарықтағы бағаның қолдан өсірілуіне жол бермейді.
"Бағаның алыпсатарлық жолмен шарықтауына немесе нарықтағы сөз байласу салдарынан өсуіне жол бермейміз. Бізде бұл жағдайда шара қолдануға және бұл жағдайға араласуға барлық заңнамалық негіз бар", – деп түйіндеді сөзін үкімет басшысы.
Еске салсақ, премьер-министр үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте теңге бағамына қатысты сұраққа жауап беріп, Қазақстанда теңгенің құнсыздануына негіз жоқ екенін атап өтті.

"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
