Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жаңа мама әкелдім": Психолог балаларына пранк жасаған Мереке мен Арсеннің әрекеті қауіпті екенін айтты

Мереке мен Арсен балаларына пранк жасадыФото: www.instagram.com/merekusha.k

Желіде балаларына пранк жасаған блогерлер Мереке Қалбаева мен Арсен Акиев қызу талқыға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеоны Мереке Қалбаева әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті. Алғашқы кадрларда балаларға әкелерінің басқа “мамамен” келе жатқаны айтылады. Әуелде олар сөздің мәнін түсіне қоймайды. Кейін тұңғыш қызы жылап, “Маған бұл ұнамайды. Мама да басқа папа алып келсін, оны далаға шығарып жіберемін” дейді. Ал ұлдары болса, жағдайды толық ұқпай, керісінше қуанып кетеді.

Кейінірек бөлмеге Мерекенің өзі кіріп, жылаған сыңай танытады. Артынша үйге әкесі мен жас қыз бірге келеді. Ұлы мен қызы бірден анасын құшақтап, наразылық танытады, тіпті ұлы әкесін ұра бастайды. Ал кенже ұлы жағдайды толық түсінбей, әлі де күліп-ойнап жүреді. Бір кезде Мереке “Мен кеттім. Әкелерің осы қызды таңдады” деп сыртқа беттейді. Балалар анасының соңынан жүгіріп, есікті тарсылдатып, қатты жылайды.

Алайда бұл пранк желі қолданушылары арасында екіұдай пікір тудырды. Бір тарап балалардың реакциясына тәнті болып, олардың шынайы адалдығын сөз етті.

Ал екінші тарап мұндай әрекеттердің бала психикасына теріс әсер етуі мүмкін екенін алға тартты.

“Балаларға неге психологиялық жарақат салып жатырсыздар?”, “Есі дұрыс емес ата-ана екен, бұл балаларға өмір бойы қалатын жарақат қой”, “Контент үшін адамдар ақымақтанып барады”, “Ақша үшін балаларын да аямайды екен”, “Байғұс балалар. Қыз қатты алаңдап қалды. Балаларды шынымен аяйсың, қаншама эмоция, олар үшін бұл, әрине, үлкен стресс”, “Топас қалжыңдар!” – деп жазды олар.

Психолог не дейді?

Осы тұста Stan.kz ата-ананың мұндай әрекеті қаншалық дұрыс екенін білу үшін психологпен тілдесті.

Психолог Асел Жұбанышева алдымен баланың психикасына қатысты бірнеше маңызды факторды атады. 

Оның айтуынша, кішкентай баланың ересек адамдай өмірлік тәжірибесі болмайды, сондықтан ол болып жатқан жағдайды тура мағынасында қабылдайды. Әсіресе ерте жастағы балалар әзілді толық түсіне бермейді және шындық пен ойынды әрдайым ажырата алмайды.

“Бала неғұрлым кішкентай болса, әлемді соғұрлым қарапайым әрі тікелей қабылдайды. Сондықтан оған әзілдеп “Мен екінші әйел алып келдім” десе, ол мұны шындық деп қабылдауы мүмкін. Өйткені балаларда жағдайды кеңірек талдауға, астарлы мағынаны түсінуге және мұндай сөздердің шартты екенін ұғынуға мүмкіндік беретін психикалық әрі танымдық тетіктер әлі толық қалыптаспаған”, – деп түсіндірді ол.

Маман мұндай әзілдердің салдары әртүрлі болуы мүмкін екенін және оның психикаға әсер етпей қоймайтынын жеткізді.

“Оның балаға қаншалықты ауыр тиетіні әр баланың жеке ерекшелігіне байланысты: бір бала мұны қатты күйзеліспен қабылдауы мүмкін, ал екіншісі сырттай сабырлы көрінуі ықтимал. Алайда кез келген жағдайда ата-ана баланың жасына сай келмейтін, өзі әлі дұрыс түсініп, қорыта алмайтын ақпаратты берген кезде, бұл оның психикасына әсер етпей қоймайды”, – дейді ол.

Мәселен бұл кейбір балаларда қатты үрей тудырып, психологиялық жарақатқа айналуы мүмкін. Ал кейбірінде әлемді түсініксіз, тұрақсыз, сенімсіз орта ретінде қабылдау қалыптасуы ықтимал.

“Яғни, мұндай пранктар жақсылыққа апармайды”, – дейді ол.

Асел Жұбанышева тіпті балаларды алдын ала дайындап, “ойынға қосылуға” келіскен күннің өзінде, мұның да белгілі бір салдары болуы мүмкін деп түсіндірді. Ал оның нақты қандай әсер беретінін уақыт өте келе, балалар есейген кезде ғана байқауға болады.

“Сондықтан мен мұны өте қауіпті әзіл деп санаймын. Балаларға қатысты мұндай пранктарға жол беруге болмайды. Себебі олардың психикасы мұндай көлемдегі эмоциялық тұрғыдан ауыр ақпаратты қабылдап, талдап, қорытуға әлі дайын емес. Бұл жаста бала үшін ненің шын, ненің әзіл екенін ажырату өте қиын”, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Мереке Қалбаева күйеуінің тосынсыйын көрсетіп, жұртқа жақпай қалғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 02 Наурыз, 2026 17:50