Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жаңа Құрылыс кодексі жыл соңына дейін қабылдануға тиіс – Мемлекет басшысы

баспана

Фото: Stan.kz

Президент 8 қыркүйектегі жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласының ондаған жылдар бойы қараусыз қалғанын атап, тарифтерді ырықтандыру, жаңа басқару үлгісі мен цифрлық технологияларды енгізу қажет екенін айтты. Онда экологиялық талаптарды күшейту, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект пен ұлттық цифрлық платформа қолданылатынын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, үкімет пен жергілікті атқарушы биліктің әрекетсіздігі салдарынан еліміздің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ондаған жыл бойы қараусыз қалып, жай-күйі өте мүшкіл жағдайға түсті.

"Қазір бұл ахуалды өзгертіп, инфрақұрылымның тозу деңгейін төмендету үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Соның ішінде тарифтерді ырықтандыру, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын басқарудың жаңа моделін қалыптастыру сияқты шаралар бар. Мұндай үлгі бойынша, тарифтер өскен сайын халыққа сенімді әрі сапалы қызмет көрсетілуге тиіс. Бұл іске "Ақылды қала" құру тұжырымдамасының көмегі тиері сөзсіз, оны еліміздің барлық өңіріне тарату керек. Оған озық халықаралық тәжірибелерді қолданып, білікті басшыларды, соның ішінде шетел мамандарын тарту қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы ретте мемлекет басшысы қазіргі жағдайда мемлекет пен бизнес серіктестік орнатпаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мүмкін емес екенін атап өтті.

"Кейбір тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын әкімдіктердің қарамағында сақтап қалу қажет пе, жоқ па дегенді жаңаша зерделеген жөн. Жеке коммуналдық нысандарды мемлекет меншігіне алу – даулы мәселе. Оның бәрі ерте ме, кеш пе, қайтадан жекешеге өтеді. Сондықтан мемлекет бұл саланы бақылап, реттеумен айналысуға тиіс. Ал оның инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – жеке сектордың шаруасы. Билік құрылымдары негізінен цифрлық тәсілдерді қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларының ашықтығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонда үкіметке және әкімдіктерге азаматтардың сенімі нығая түседі", – деп түсіндірді Тоқаев.

Президент коммуналдық шаруашылықты жаңғырту ісі инфрақұрылымдар мен тұрғын-үй қорын энергияны үнемдеуге көшіру шараларымен қатар жүруге тиіс екенін айтады. Бұдан бөлек ел басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек екенін жеткізді.

"Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын үнемшіл болуға ынталандыратын жаңа экологиялық және санитарлық-гигиеналық ережелер енгізу керек. Табиғи ресурстарды, әсіресе, суды үнемдеу мәдениетіне келсек, ол жағынан үлкен кемшілік бар екенін мойындауымыз қажет. Яғни, атқарылатын жұмыс шаш етектен. Бұл – азаматтардың, әсіресе жастардың арасындағы түсіндіру шараларының, тіпті идеология жұмысының жеке бір бағыты. Біз қазірдің өзінде судың тапшылығын сезініп отырмыз. Ал, оны тұтыну мәдениеті төмен. Су мәселесіне кейінірек тоқталамын", – деді Тоқаев.

Президенттің сөзінше, соңғы жылдары қарқынды дамып келе жатқан тұрғын-үй құрылысы саласына айрықша назар аударған жөн. Былтыр 19 миллион шаршы метр баспана пайдалануға берілді деді ол.

"Сонымен бірге құрылыс сапасын арттыру үшін жасанды интеллект технологияларының (Building Information Modeling, BIM) көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, оған мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосуы қажет. Ал жаңа Құрылыс кодексі осы саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына жол ашатын берік заңнамалық негізге айналуға тиіс. Құжатты жыл соңына дейін қабылдау керек. Депутаттардың бұл жұмысқа атсалысуын сұраймын", – деп қорытындылады мемлекет басшысы.


Жаңа үйлерден пәтер алу кезінде қолма-қол ақшамен төлем жасауға тыйым салынды: Нені білу қажет


Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бірыңғай базасы құрылады


Еске салайық, бұған дейін енді Қазақстанда бір адам тәулігіне 140 литрден артық су пайдалана алмайтынын жазған едік. Нормадан асқан жағдайда баға 30%-ға қымбаттайды. Министрлік мұндай шара суды үнемдеу үшін қабылданғанын айтты. Сарапшылардың мәліметінше, қазақстандықтардың орташа тәуліктік шығыны 100-120 литрді құрайды, сондықтан жаңа норма көпшілікке ауыр тимейді. 13 қыркүйектен бастап әр литр су есепке алынып, артық пайдаланғандар қосымша төлем жасайды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 12:31
Талқылау