Жаңа iPhone 17 сатып алу үшін қазақстандықтарға қанша күн жұмыс істеу қажет
Фото: iphoned.nl
19 қыркүйекте әлем бойынша Apple компаниясының жаңа туындысы — iPhone 17 сатылымға шығады. Бір апта бұрын алдын ала тапсырыс беру ашылады. Сатылымға iPhone 17, iPhone 17 Air, iPhone 17 Pro және iPhone 17 Pro Max модельдері ұсынылады.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Флагмандық модель – iPhone 17 Air – әлемдегі ең жұқа смартфон ретінде ұсынылуда, қалыңдығы небәрі 5,6 мм.
Ең қарапайым, 128 ГБ жадпен жабдықталған нұсқасының бастапқы бағасы — 799 АҚШ доллары. ҚР Ұлттық Банкінің 10 қыркүйектегі бағамы бойынша бұл шамамен 429,1 мың теңге. Қалған модельдерде жад көлемі 256 ГБ-тан 1 ТБ-қа дейін. TrendForce аналитикалық агенттігінің болжамынша, iPhone 17 Air моделі жад көлеміне байланысты 1100–1500 АҚШ доллары аралығында сатылады. Бұл теңгемен есептегенде — шамамен 590–805 мың теңге. Ең қымбат нұсқа — 1 ТБ жадпен жабдықталған iPhone 17 Pro Max. Оның бастапқы бағасы 1700 АҚШ доллары, яғни 912,4 мың теңге. Айта кетейік, бұл — бөлшек саудадағы үстеме бағасыз көрсетілген бағалар.
Біз iPhone 17 (256 ГБ) индексі бойынша елдердің рейтингін құрдық (2025 жылдың қыркүйегіндегі мәліметтер негізінде). Есептеулерде біз Numbeo.com халықаралық сервисінің салық төленгеннен кейінгі (нетто) орташа жалақы деректерін пайдаландық.
Экономикалық тұрғыдан дамыған елдерде iPhone 17 сатып алу үшін ең аз уақыт қажет. Мысалы, Швейцария азаматына жаңа iPhone алу үшін небәрі үш күн жұмыс істеу жеткілікті. Бұл — жалақысының оннан бірі ғана. Ал алғашқы бестікке Люксембург, Исландия, Сингапур және АҚШ елдері де кірді. Бұл елдерде iPhone 17 сатып алу — жұмысшының айлық табысының 20%-ына дейін ғана шығынды талап етеді.
Ал ТМД және Орталық Азия елдерінде жаңа iPhone сатып алуға бір айлық жалақы да жетпейді. Қазақстан бұл рейтингте 82-орында. Жаңа iPhone алу үшін 37 жұмыс күні немесе 1,7 жалақы қажет.
Numbeo.com сайты бойынша Қазақстандағы орташа жалақы — 533,4 АҚШ доллары немесе 286,4 мың теңге. Бұл көрсеткіш медиандық (яғни, орта) жалақыға жақын. Егер қазақстандық азамат номиналды жалақы — 448,6 мың теңге алатын болса, онда iPhone 17 сатып алу үшін бір айлық табысы сәл ғана жетпейді. Алайда бұл тек статистикалық көрсеткіш екенін ескереміз: орташа жалақы көбіне нақты орташа табысты көрсетпейді. Бұл тұрғыда медиандық жалақы — нақты көрініске жақынырақ.
Тағы бір маңызды көрсеткіш — модальді жалақы. Ол — елде ең жиі кездесетін жалақы мөлшері. Өткен жылы Қазақстанда ол небәрі 97,6 мың теңге болды.
Яғни, осындай табысы бар азаматқа iPhone 17 сатып алу үшін кемінде 5 жалақы жинау қажет. Ал ең төменгі жалақы алатындарға жарты жылдай жинау керек болады.
Тағы да айта кетейік, бұл есептеулер тек салыстыру мақсатында жасалды. Яғни, тұтынушылардың өзге шығындары ескерілмеген. Бұл есептеу бүкіл жалақысын iPhone-ға жұмсауға дайын адамдар үшін ғана өзекті.
Енді iPhone 17 индексін номиналды жалақы бойынша есептеп көрейік. Бұл көрсеткіш қазақстандық статистикада жиі қолданылады. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың екінші тоқсанында орташа номиналды жалақы — 448,6 мың теңге болған. Яғни, жаңа iPhone сатып алу үшін 24 жұмыс күні қажет. Демалыс күндерін ескерсек, бұл бір айдан асады.
Неліктен бұл ақпаратты қайталап отырмыз? Себебі салалар бойынша келесі салыстыру одан да қызығырақ.
Экономиканың әр саласында табыс мөлшері әртүрлі. iPhone 17 сатып алу үшін ең аз жұмыс істейтіндер — қаржыгерлер мен сақтандырушылар. Небәрі 11 күн. Сондай-ақ, мұнай өндірушілер (12 күн), ақпарат және IT саласындағы мамандар (13 күн) да бұл гаджетке тез қол жеткізе алады.
Ал өнер саласындағы қызметкерлер (35 күн), ауыл шаруашылығы мен коммуналдық салада еңбек ететіндер (әрқайсысы — 34 күн) iPhone 17 алу үшін ең ұзақ жұмыс істеуге мәжбүр.
Аймақтық айырмашылықтар да бар. Бұл өңірлердің экономикалық дамуына және аймақтық жалақының әртүрлілігіне байланысты.
iPhone 17 сатып алу үшін ең ұзақ жұмыс істеу қажет болатын өңір — Солтүстік Қазақстан облысы (32 күн). Одан кейін бірнеше оңтүстік өңір — 30–31 күн. Ең тез сатып ала алатындар — Маңғыстау (17 күн), Атырау (18 күн) облыстары және Астана қаласы (18 күн) тұрғындары.
Тағы бір ескеретін жайт, бұл — номиналды жалақы бойынша есептеулер. Ал нақты (шынайы) табыс бұдан төмен. Және бұл есептер өмір сүру шығындарын ескермейді, ешкім барлық табысын тек iPhone-ға жұмсай алмайды.
Айтпақшы, біз бұл есептеулерді iPhone 17-нің ең қолжетімді (256 ГБ) нұсқасына негіздеп жасадық. Оның құны — шамамен 482,8 мың теңге. Бұл соманы бір айлық табысымен жаба алатындар — экономиканың тек кейбір саласында еңбек ететіндер ғана.
Ал дәл осындай жадының көлемі бар ең қымбат нұсқа — iPhone 17 Pro Max (697,6 мың теңге). Оны сатып алу үшін айлық табысы орташа жалақыдан 1,5 есе көп болуы керек. Мұндай табыс мұнай-газ саласындағы мамандар, әуе және су көлігі қызметкерлері, қаржыгерлер, бағдарламашылар, басқарушылар, жалға беру және сақтандырумен айналысатын азаматтарда бар.

Астаналық әйел тірі ұлын "өлтіріп", 100-ге жуық әріптесінен ақша жинаған
