Жамбыл облысында қар көшкінінен тірі қалған сарбаз оқиғаның қалай болғанын айтып берді
Жамбыл облысында қар көшкінінен қаза тапқан жауынгерлердің денесі бүгін жер қойнына тапсырылды. Кеше марқұмдармен өздері қызмет еткен әскери бөлімде қоштасу рәсімі өтіп, мәйіттері жақындарына табысталған. Жерлеуге кететін шығынды Қорғаныс министірлігі көтереді. Бұл туралы КТК хабарлайды.
Сондай ақ, әрқайсысының отбасына материалдық көмек ретінде қомақты қаржы берілмек. Ал айдың-күннің аманында өрімдей ұлдарынан айырылып, қара жамылған туыстар оқыс оқиғаның жан-жақты тексерілуін талап етіп отыр. Өйткені, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді деген сенімде олар.
Бақилық болғандардың бірі кіші сержант Әуесбай Ерісбаев. Ол 91678 әскери бөлімінде үш жылдан бері келесім-шарт негізінде қызмет еткен. Бүгін 25 жастағы азаматты әріптестері мен жақындары соңғы сапарға шығарып салды.
Ал, марқұмның әкесі Көмекбай Тәжмағанбетов әскери бөлім басшыларын атарға оқ таппай отыр. Айтуынша, баласының қазасына солар кінәлі. Өйткені ауа-райы қолайсыз кезде оқу-жатығу ұйымдастырған. Оның үстіне қарға көмілгендерге көмек уақытылы келмепті.
“Дер кезінде көмек жеткенде мүмкін тірі қалар ма еді? Негізі кешіккен дейді. Қазір техниканың дамыған заманы ғой. Мүмкін емес. Альпенистерді де сонша метр биіктікте құтқарып жатыр ғой енді”, – деді Ерісбаевтың әкесі Көмекбай Тәжмағанбетов.
Марқұмдардың денесі кеше өздері қызмет еткен әскери бөлімге жеткізіліп, олармен қоштасу рәсімі өтуі тиіс еді. Алайда, әскери бөлімге мәйіттерді апару мұң болды. Өйткені жолды қар басып, көліктер қатынай алмады. 4 сағат бойына жол тазартатын техника келмей, сарбаздар қарды күрекпен күреуге мәжбүр болған. Әйтеуір әупіріммен марқұмдар әскери бөлімге жеткізілді. Осы жерде қаруларстары қаза тапқан әріптестерімен қоштасты.
Рота командирі Әйбек Еділбаев тірі қалған 16 әскеридің бірі. Ол оқиғаның қалай болғанын баяндап берді. Айтуынша, жаттығуды аяқтап әскери бөлімге қайтуға қамданған екен. Сол сәтте кенеттен қар көшкіні жүрген. Ал өзі қашып үлгеріпті. Қар астында қарған қаруластарып құтқара алмасын білген ол, жақын маңдағы қорықшыға хабар берген.
“Басы жай келді де, аяқ жағы гүрілдеді. Тауға шығып бара жатқанда қысым қысты. Таудың, қардың қысымы қысады ғой адамды. Сегіз метрдей болады ғой қардың қалыңдығы. Соның астында он адам тірі қалды, жетеуі қаза тапты. Бәрі бір жерде екен. Айнала отырып қалған ғой бәрі”, – деді рота командирі Әйбек Еділбаев.
Қар астында қалып, қаза тапқан сол 7 әскеридің ең үлкені 28-де, кішісі 21 жаста екен.
Әлішер Мошабаев, аға лейтенант, 25 жаста үйленген, бір баласы бар
Әуесбай Ерісбаев, кіші сержант, 24 жаста үйленген
Әмір Аралбаев, кіші сержант, 28 жаста үйленген, екі баласы бар
Мақсат Қыдырбаев, кіші сержант, 25 жаста үйленген
Мақсат Шәкен, қатардағы жауынгер, 21 жаста бойдақ
Мұхит Тұрысмағанбетов, ефрейтор, 25 жаста үйленген
Тілеужан Кеңесов, қатардағы жауынгер, 23 жаста бойдақ
Қайғылы жағдай өткен жұмада болған-ды. Жуалыдағы Көксай шатқалында қар көшкіні жүріп, 23 жауынгерді басып қалған. Құтқарушылар 16-сын аман алып қалып, ауруханаға жеткізді. Сегізі әлі әскери госпитальда жатыр.
Еске сала кетсек, 17 ақпан күні Жамбыл облысы, Жуалы ауданынан 35-40 шақырым қашықтықтағы “Көксай” сайында қар көшкіні жүргені айтылған. Ол жерде 91678 әскери бөлімінің сарбаздары жаттығу жиынында жүрген, 7 сарбаз қаза болған еді.
Оқи отырыңыз:
Жарақат алған полицейдің әйелі: “КамАЗ” жүргізушісі ауруханаға кешірім сұрап келді
Балаларды ірі жол апатынан құтқарып қалған павлодарлық полицей есін жиды
Алматыда жас жігіт сүйіктісін пәтерге шақырып досына зорлатқан (фото, видео)