Жамбыл облысының әкімі өртеніп жатқан пәтерден балаларды құтқарды деп мүлде басқа адамды марапаттаған
Фото: gov.kz
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 2025 жылдың сәуірінде Таразда өртенген пәтерден балаларды құтқарғаны үшін Қыдыралы Қыздарбек есімді жасөспірімді марапаттаған. Алайда зардап шеккен отбасы бұл оқиғада оларға көмектескен Қыздарбек емес екенін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Отбасы өздерін құтқарған басқа адам екенін алға тартты.
Өрт 2025 жылдың 18 сәуірінде "Ұлы дала" шағын ауданындағы бес қабатты үйдің төртінші қабатында шыққан. Пәтерде әйел мен оның екі баласы, қайын атасы және тағы бір бала болған. Жалынды сөндіруге 20 өрт сөндіруші мен 17 техника жұмылдырылды.
Instagram желісіндегі kris.p.taraz аккаунтында жасөспірімнің бір баланы және бесіктегі сәбиді сыртқа алып шыққаны туралы ақпарат жарияланды. Бұл жазба 23 мың лайк жинаған. Әкім оқушыға ноутбук пен алғыс хат табыстап, кейін оны "Жақсылық жаса" ток-шоуына шақырды. Бағдарлама барысында жасөспірім түтінге толы пәтерге кіріп, бесікті тауып, балалар мен ананы сыртқа алып шыққанын айтып берген.
Алайда "құтқарылған" отбасының мүшесі Өмірбек Мұсабаев бесікті де, немересін де өзі алып шыққанын мәлімдеді. Оның келіні Дина Жарынқабаева екінші баламен бірге өзі шыққан. Кіреберіс камерасынан алынған бейнежазбалар оның сөзін растайды: балалар үйден марапатталған жасөспірімнің көмегінсіз шыққан, бесікті алып шығуға да басқа адам көмектескен. Ал Қыдыралы видеода подъезге кіріп, бір баланы алып шыққаны көрінеді, бірақ ол мүлде басқа бала.
Тұрғындар ешкімнің олардан не болғанын сұрамағанына наразы.
"Неге әкім оны марапаттауға шақырғанда, билік өкілдерінен ешкім бізге келіп, жағдайымызды сұрамады? Ең болмаса, шын мәнінде не болғанын анықтап, бізге көмек қажет пе, соны білсе ғой. Біз қайғымызбен жалғыз қалдық, ал біреулер біздің басымыздағы қиындық арқылы алғыс алып жатыр. Оған қоса, егер өрттен кейінгі сараптама өрттің біздің пәтерден шыққанын дәлелдесе, бізге айыппұл салынуы да мүмкін", – дейді Дина Жарынқабаева.
Егер сараптама өрттің олардың пәтерінен шыққанын дәлелдесе, отбасыға 39 320 теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін.
БАҚ-тағы ақпараттардан кейін жасөсіпірімнің ата-анасы зардап шеккен отбасымен кездесті. Алғашында оқушы пәтерге кірмегенін айтқан, алайда кейін өз нұсқасына қайта оралған. Әңгіме жанжалмен аяқталды.
Еске салсақ, бұған дейін Тараздағы №54 мектептің 10-сынып оқушысы Қыдырәлі Қыздарбек екі баланы өрттен құтқарып қалғаны туралы жазған едік.

"Жеті жыл күттім": Алматылық жас жігіт 53 жастағы әйелдің жүрегін алғаннан кейін өмірі қалай өзгергенін айтты
