Шегіртке туралы пост жазған қазақстандық журналиске айыппұл салынды
Фото: kirill.pavlov.kz Instagram-парақшасы
Астана соты журналист және қоғам қайраткері Кирилл Павловты жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп тапты. Оған 20 АЕК яғни 78 640 теңге айыппұл салынды.
Журналист Жамбыл облысындағы шегіртке 5 миллион гектардан астам жерге тарағанын Telegram арнасына жазған. Оның айтуынша, бұл ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәлімдемесінен бірнеше есе көп.
Республикалық фитосанитарлық диагностика әдістемелік орталығы Павловтың басылымындағы мәліметтер шындыққа сәйкес келмейді деп есептеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі Павлов ақпаратты жарияланғаннан кейін ғана дерек сұрағанын хабарлады.
Павловтың өзі кінәсін мойындамады. Ол деректерді ашық дереккөздерден алып, ресми статистиканы салыстыра отырып, аналитикалық болжам жасағанын түсіндірді. Журналист сот оның ақпаратының қалай жалған екенін нақты көрсетпегенін атап өтті.
"Сот менің деректерімнің неге жалған екенін түсіндірмеді. Шешімді оқып жатқан судья тек "басылымдардағы ақпарат ресми ақпаратқа сәйкес келмейді" деп атап өтті", – деп жазды Павлов.
Антикор танымал блогердің үстінен желідегі жазбасына байланысты полицияға арыз жазған
Ол өзіне қарсы істі сарапшылар қауымдастығына қысым көрсету әрекеті деп есептейді. Журналист Қазақстанда ресми ақпаратқа сәйкес келмейтін нәрсе көп екенін атап өтті. Жалақы, картоп бағасы немесе инфляция туралы деректердің де ресми деректен айырмашылығы бар.
"Жалпы, сарапшылар болжамы мен ресми деректермен салыстырғаны үшін сотталып, кінәлі деп танылса, бұл сарапшылар қауымдастығының аяғынан шалу деген сөз. Осыдан соң кім сараптама жасап, сол үшін айыппұл арқалағысы келеді?”, – деді ол.
Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Павловтың өзі бұл үкім оны тоқтатпайтынын және ауыл шаруашылығы министрлігі мұның есесін көретінін айтты.
Еске салсақ, ауыл шаруашылығы министрлігі шегіртке туралы жазбасы үшін журналистің үстінен арыз түсірген еді.