Жамбыл облысындағы 6 жасар баланың өлімі: Аурухананың бас дәрігері жұмысынан босатылды
Фото: Virojt Changyencham/Getty Images
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қазан айында Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасында болған қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер өңір басшысынан 6 жасар баланың өліміне байланысты кім жазаға тартылды деп сұрады.
"Т. Рысқұлов аудандық орталық ауруханасында болған оқиғаға қатысты әкімдік жанынан арнайы жұмыс тобы құрылып, тексеріс жүргізілуде. Оған тәуелсіз сарапшылар да тартылған. Сонымен бірге облыстық денсаулық сақтау департаментінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ауруханаға тексеріс жүргізді. Нәтижесінде орталық аурухананың бас дәрігері қызметінен босатылды. Аймақтағы басқа емдеу мекемелерінің басшылығымен де тиісті жұмыс атқарылды", - деді Қарашөкеев.
Еске сала кетсек, қазан айында Жамбыл облысында 6 жасар бала ауруханада көз жұмған болатын. Туыстарының айтуынша, дәрігерлер баланы дер кезінде ауруханаға жатқызбай, оған немқұрайлы қараған.
Айта кетейік, бұған дейін облысы әкімі Ербол Қарашөкеев Жамбыл облысында босанған әйел бір сағаттан соң сәбиі мен жатырынан айырылып қалған оқиғаға қатысты пікір білдірген еді.