Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Таразда жасөспірімдер қоңырау кезінде дәретханада төбелесіп, 9-сынып оқушысы көз жұмды

мектеп тараз

Фото: istockphoto.com

Жамбыл облысында жасөспірімдер арасында болған төбелестен 9-сынып оқушысы көз жұмды. Бұл – облыста бір апта ішінде болған екінші қайғылы жағдай. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратта жасөспірімдер арасындағы төбелес мектеп дәретханасында болғаны айтылған. Сыныптасы жасөспірімнің "жүйке торабына" соққы жасаған көрінеді.

Жамбыл облыстық полиция департаменті ақпаратты растап, аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің “жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру” бабы ойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

“Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдікті жасөспірімді анықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Қазір іс бойынша толық, объективті және жан-жақты тергеу жүргізуге бағытталған барлық қажет жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр”, – делінген полиция хабарламасында. 

31-арнаның “Информбюро” бағдарламасының мәліметіне сәйкес алғашқы пәннен соң дәретханаға жиналған оқушылар төбелескен көрінеді. Олардың не бөлісе алмағаны белгісіз. Қанша адам болғаны да айтылмады.

“Иә, расында №47 мектепте орын алды. Қылмыстық Кодекстің 106-бабымен іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы 29 қыркүйекте Астанадан бала құқығы жөніндегі уәкіл Динара Закиева мен мониторинг топ келеді. Сол топ осы оқиғаның бар мәселесін зерттейді”, – деді Жамбыл облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов. 

Білім басқармасының мәліметінше күдіктілер қамауға алынған. 

“Білім басқармасының басшысы өзі басқарып барды топ комиссиясы болып. Осы жағдай зерделенді, қаралды. Күдіктілердің барлығы қамауға алынды. Қоңырау кезінде болып тұрған нәрсе. Өйткені 10:15-те қоңырау болған. Әжетханаға барған ғой балалар. Орын алған уақыты 10:20 деп қалалық білім бөлімі мәлімет берді”, – деді Жамбыл облысы білім басқармасы тәрбие ісі бөлімінің басшысы Айжан Мейірханов. 

Еске салсақ, 12 қыркүйек күні Жамбыл облысының Шу ауданында 10 және 11-сынып оқушылары арасында төбелес болып, 10-сынып оқушысы қаза тапқан еді. 

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 22:04
Талқылау