Жамбыл облысында жанжал кезінде қатарласын өлтірген 9-сынып оқушысы сотталды
Фото:
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оқушылар арасындағы қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот материалдарына сәйкес, кәмелетке толмаған Р Тараз қаласындағы мектептердің бірінде 9-сыныпта оқып жүрген кезінде өз құрдасы А-мен жанжал барысында оған күш қолданған. Нәтижесінде жәбірленуші мойын жарақатын алып, оқиға орнында көз жұмған.
Сотта сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен толық дәлелденді. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады.
Прокурор соттан кәмелетке толмаған Р-ға 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап моральдық зиянды өтеуді талап етті.
Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кәмелетке толмаған жасын, кінәні ішінара мойындауын және оң мінездемелерін жеңілдететін мән-жайлар ретінде есепке алды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
“Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігіне сәйкес бұл қылмыс үшін 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Алайда 81-бапқа сәйкес кәмелетке толмағандарға тағайындалатын жаза мерзімі 10 жылдан аспауы тиіс. Сонымен қатар, Қылмыстық Кодекстің 55-бабына сай жеңілдететін мән-жайлар болған жағдайда жаза мөлшері ең жоғары санкцияның үштен екісінен аспауы қажет. Сот үкімімен кәмелетке толмаған 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ сот сотталушының заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық зиян өндіріп алу туралы шешім қабылдады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, осыған дейін Жамбыл облысында футболдан кейінгі жанжал қайғылы жағдаймен аяқталды. 10-сынып оқушысы сыныптастарының соққысынан қаза тапқанын жазғанбыз.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты