Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында өгей ұлдарын 6 жыл бойы құлдықта ұстаған ер адамға сот үкімі шықты

Фото: Әлеуметтік желіден, polisia.kz

Жамбыл облысында өгей ұлдарын құлдықта ұстап, азаптаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Айыпталушы Ұзақбай Тұрбаевқа қылмыстық кодекстің “азаптау” бабы бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, өгей әке жасөспірімдерді жүйелі түрде ұрып-соғып, негізгі қажеттіліктерінен шектеп келген. Сотта бұл деректер медициналық құжаттармен және бұған дейін кең қоғамдық резонанс тудырған бейнежазбалармен расталды.

Айыпталушының өзі кінәсін мойындамай, жала жабылғанын айтып, балалардың отбасына қайтуды қалайтынын алға тартты.

Сот барысында прокурорлар балалардың сабақ оқу орнына, үй шаруасымен және мал бағумен айналысқанын атап өтті. Сондай-ақ балалардың физикалық жағдайына назар аударылды. Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, жасөспірімдер жасына сай дамымаған, әбден әлсіреген әрі күтімсіз күйде болған.

Сотта балалардың “күтімді қиындатпау үшін” шаштары түгелдей қырылғаны да айтылды, алайда айыпталушы мұны дәстүрмен байланыстырып, “ұлдар қысқа шашпен жүруі керек” деген уәж келтірді.

Мемлекеттік айыптаушылар бұл жағдайлардың “Білім туралы” заңға тікелей қайшы келетінін атап өтті. Аталған заң ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың орта білім алуын қамтамасыз ету міндетін жүктейді. Сондай-ақ олар “Неке және отбасы туралы” заңға да назар аударды. Бұл заң балалардың денсаулығына, тәрбиесіне және тиісті тұрмыс жағдайларына қамқорлық жасауды міндеттейді.

Ал күдіктінің қорғаушылары отбасының жақсы өмір сүргенін және ешқандай заңды бұзбағанын алға тартты. Айыпталушының қорғаушылары Тұрбаевтың балалар үшін әке рөлін атқарғанын, ал биологиялық әкелерінің тек алимент төлеумен шектелгенін ерекше атап өтті.


"Жын шығарамын деп қамшымен сабаған": Жамбыл облысында құлдықта болған балалардың әкесі мен анасы өз нұсқаларын айтты

Жамбыл облысында құлдықта болғанын айтқан балалардың анасы күйеуін қорғап шықты (видео)


Қорғаушылары күдіктінің діндарлығын да жағымды сипат ретінде көрсетпек болған. Алайда мемлекеттік айыптаушылар бұл жайтқа күмән келтіріп, оның діни тәжірибелері Қазақстанда қабылданған ислам қағидаттарына сәйкес келмейтінін және дәстүрлі емес ағым белгілері байқалатынын айтты.

Мемлекеттік айыптаушы Тұрбаевқа төрт жыл сегіз ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындаудан бас тартып, ал оның адвокаты толық ақтауды талап етті.

Сот Ұзақбай Тұрбаевты кәмелетке толмаған балаларды азаптағаны үшін кінәлі деп танып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Айыпталушы үкіммен келіспейтінін мәлімдеп, апелляцияға беретінін хабарлады.

Еске салсақ, 2025 жылдың тамызында Жамбыл облысында өгей әке балаларды құлдықта ұстап, мал баққызғаны туралы жазған едік. Кейінірек полиция күдікті өгей әкенің ұсталғанын хабарлады.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 04 Желтоқсан, 2025 18:32