Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл облысында нөсер жаңбыр: Салдарынан 700-ге жуық мал суға ағып кетіп, жігіттің үстіне қабырға құлады

17 шілдеде сағат шамамен 20:00-ден аса Қордай ауданының Бетқайнар ауылдық округінде қатты жаңбыр жауып, салдарынан таулы жерлерде су тасыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Қордай ауданының әкімдігі

Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп жоқ. Жеке аулаларды, тұрғын үйлерді су басу фактілері де тіркелмеді. Алайда шаруалар 700-ге жуық мал суға ағып кеткенін айтты.

“Алдын ала мәліметтер бойынша, "Береке" ШҚ аумағынан 671 бас ұсақ мал мен 10 бас жылқы суға ағып кеткен. Таңертең бұл мәселе арнайы комиссиямен нақтыланады”, – деді әкімдіктегілер.

Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар мен өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен 6 бірлік техникасы жіберілді. Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмысы істеліп жатыр.

Ағын су салдарынан "Соғанды-Бетқайнар" автожолындағы көпір бүлінген. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күшімен (5 адам және 2 бірлік техника) бекеттер қойылып, жол қалыпқа келтірілді.

“Ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар елді мекендерде уақытша электр желілері өшірілді. Авариялық қызметтер барлық шақыруларға жедел шығып, электр желілерін қосу шараларын атқарды. Қазір Соғанды ауылындағы 65 үйде электрмен жабдықтау жалғасып жатыр. 219 үй мен 2 әлеуметтік нысан газдан ажырады. "ҚазТрансГазАймақ" АҚ ЖОФ (5 адам және 1 бірлік техника) қалпына келтіру жұмысын жүргізіп жатыр. Ауа райына байланысты газға қайта қосу шаралары 18 шілдеге жоспарланып отыр”, – делінген хабарламада.

Беріктас ауылында екпіні 43,5 м/с дейінгі қатты жел тіркелді. Қатты жел салдарынан 18 жастағы тұрғынға ескі сарайдың қабырғасы құлаған. Ол аудандық ауруханаға жатқызылды.

Қордай аудандық ауруханасының хабарлауынша, 2006 жылы туған науқасты дәрігерлер тексеріп, реанимацияға жатқызған. Жігіт ашық бас-ми жарақатын алған, басы мен бетінің сүйектері, омыртқасы сынған, аяғы сал болып қалған, зәр шығару органдарының қызметі бұзылған. Науқастың жағдайы ауыр.

Қордай ауданындағы жағдай Жамбыл облысы әкімінің жеке бақылауында.

Талқылау